Германия 2045 жылға қарай жасыл елге айналады

Германия 2045 жылға қарай жасыл елге айналады. Осылайша мемлекет бұл мақсатқа белгіленген жоспардан 5 жылға ерте жетуді көздеп отыр. Ауаға бөлінетін газ қалдықтары азайып, баламалы энергия көздері көбеймек. Осыған байланысты Бундестаг депутаттары тиісті заңға өзгерістер енгізді. Алайда экологиялық белсенділер саясаткерлердің шешіміне наразы.

Айтуынша, климаттың өзгеруінен Жер шарына үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан заңды тез жетілдіріп, дәл қазір қабылдау қажет. Наразы топ канцлер Ангела Меркельдің резиденциясының жанына жиналды. Жүздеген адам қол ұстасып ғимаратты қоршауға алды. Осылайша олар табиғатты экология құрсауынан тез арада босатуды талап етті. Бұдан басқа белсенділер тұрғындарды ұшаққа қарағанда пойызды, электр көліктері мен волосипедтерді көп пайдалануға шақырды.

- Саясаткерлердің шешіміне көңіліміз толмайды және қорғау шараларын кейінге шегере бермей, дәл қазір қабылдау керек деп есептейміз. Көмірден тезірек құтылып, баламалы энергияға жылдам ауысуымыз керек. Автобандар орнына велосипед жолдарын салған абзал. Сондай-ақ жаңа үйлерді тұрғызғанда энергия жағынан тиімді материалдарды көбірек пайдаланғанымыз дұрыс. Жақын жылдары климат жағынан бейтарап елге айналуымыз қажет.

- Індет ғана емес, климат қорғау мәселесі де күн тәртібінде тұруы тиіс деп ойлаймын. Бізде уақыт жоқ, іске дәл қазір кірісуіміз керек. Үкімет газ және көмір энергетикасына қаржы бөлуді тоқтатуы керек деп есептеймін. Климаттық саясат біздің басты басымдығымыз болуы қажет. Қазіргі жағдай жалғаса берсе, жер шарын құртып алуымыз мүмкін.