Кореядағы жолдарда «ақылды көлік жүйесі» енгізіледі

Жан сақтайтын технологиялар. Оңтүстік Кореяның барлық жолдарда ақылды көлік жүйесі енгізіледі. Пилоттық жоба өткен жылы Сеулден 30 шақырым қашықтықта орналасқан Паджу қаласында жүзеге асырылды.

Паджуда 500 мыңға жуық адам тұрады. Сеулге жақын жерде орналасқан қалада халық саны 4 жылдың ішінде 1,7 процентке, ал көлік саны 5 процентке өсті. Сондықтан үкімет бұл шаһарда «ақылды жолдар» жобасын іске асырмақшы.

Владислав Цой, тілші:

- Өрт сөндіру немесе жедел жәрдем көлігі жақындаған кезде қаладағы барлық бағдаршам автоматты түрде арнайы режимге ауысады. Бұл дәрігерлер мен құтқарушылардың оқиға орнына келу уақытын отыз процентке қысқартуға мүмкіндік берді.

Ал мына жаяу өткелден қарт адам мен науқастар өтіп болғанша бағдаршамның жасыл түсі жанады.

Чой Джон Хван  Паджу қаласының мэрі:

- Паджу қаласында кептелістерді болдырмау және қозғалыс қауіпсіздігі үшін ақылды жол қиылыстар сияқты ақылды жүйелер, сондай-ақ жедел жәрдемге арналған сымсыз байланыс жүйесі іске қосылды. Бұл интеллектуалды көлік жүйелері жол кептелісін, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және азаматтардың өмірін сақтауға мүмкіндік берді. 

Мамандар көлік кептелістері болмайтын жаңа жаңа жолдарды қай ауданда салу керектігін анықтау үшін қазір қалалық трафикті зерттеп жатыр. Сондай-ақ жүйе бағдаршамдар уақытын ұзарту немесе қысқарту керектігін де анықтауға мүмкіндік береді. 

Ким Дже Сок, Паджу қаласы мэриясы көлік бөлімінің басшысы:

- Жүйе жаяу өткелден қанша жаяу жүргіншінің өткенін есептейді. Әр жол бойымен қанша автомобиль және қандай көлік түрлері – жүк көліктері, жеңіл автомобильдер мен автобустар өтті? Осыны білуге болады. Мұнда 4 бағыт бар. Әр бағыт үшін қозғалыс қарқыны көрсетіледі. Мысалы, көліктер солтүстік бағытпен көп жүреді.

Егер жолда апат болса немесе жөндеу жүріп жатса немесе көлік бұзылса, жүйе жүргізушілерге басқа жолды таңдауға мүмкіндік береді. Өрт кезінде бейнебақылау камераларынан алынған ақпарат тікелей режимінде өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметі штабына түседі. Сондай-ақ жүйе жүргізушілерді қалалық автотұрақтардағы бос орындар туралы хабардар етеді. Осы жылдың соңына дейін ақылды көлік жүйелері елдің барлық жолына енгізілмек. 

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян