Колумбияда полицияның озбырлығына қарсы шеру өтті

Колумбияда наразылық шеруі басылар емес. Жүздеген адам Боготаның көшелеріне тағы да шықты.

Бұл жолы олар полицейлердің зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы бас көтерген. Соңғы күндері тәртіп сақшылары қару, таяқ және көзден жас ағызатын газ қолданған.

Белсенділердің айтуынша, бірнеше күннен бергі наразылықтардан 42 адам ажал құшып, 200-ге жуық тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.

Естеріңізге сала кетейік, салық реформасына қарсы ереуілдер сәуірдің соңында басталды. Билік қосымша құн салығы мен тағы бірнеше алым көлемін арттырып, бюджетке 6 миллиард доллар кіріс түсіруді жоспарлаған. Бірақ халық жаппай қарсы шыққан соң шенеуніктер бұл шешімнің күшін жойды. Ал наразылық әлі басылмай отыр.

Кристиан Уренья, жергілікті тұрғын:

- Соңғы күндері полицияның әрекеті шектен шықты. Ел астанасы мен басқа қалаларда бейбіт шеруге шыққандарды адам құрлы көрмей, құқықтарын аяққа таптады. Тәртіп сақшылары қызметін асыра пайдалануда.