Мальта мен Италияда мигрант мәселесі ушығып тұр

Италия мен Мальтаға Африкадан ағылған мигранттардың нөпірі толастамай тұр. Тіпті соңғы кездері аймаққа келген кірмелердің саны еселеп артып барады.

Таяуда Италияның жағалау күзеті теңізде апатқа ұшыраған 17 кірмені құтқарып Лампедуза аралына жеткізді. Бұдан бөлек жуырда аралға 2 мыңға жуық мигрант келген еді. Қазір оларды орналастыратын орталықтарда бос орын қалмады. Бұған жергілікті тұрғындар да наразы. 

Айтуынша, билік өкілдері өз халқының жағдайын жасаудың орнына мигранттардың қамын ойлаумен әлек. БҰҰ аймақтағы ушыққан ахуалды Еуроодақ басшылығы шұғыл шешу керек дейді. Енді Еуропарламенттің кей депутаттары мигранттарға қонақжайлылық көрсетуді доғару керек десе, кейбіреулері кірмелерді одақ елдері бойынша тең бөліп алу керек деген ойды алға тартады.