Пандемия: Әлем мұсылмандары Ораза айтты қалай тойлап жатыр?

Ораза айтты әлем мұсылмандары тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел жақын-жуығы, туыс-бауырымен мешітте, не үйде бір дастарқанда бас қосып, арқа-жарқа. Бірақ биылғы айт құлашты кеңге сермеп, ұлан-асыр тойлауға мүмкіндік бермей тұр. Соған орай шектеулер де бар. Ол қандай шектеулер?

Ораза айт мейрамы – Жер бетіндегі екі миллиардтай мұсылман үшiн ең қасиетті мерекелердің бірі. Қаншама ғасыр өтсе де, бұл мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше, жыл өткен сайын артып келеді. Тіпті пандемия уақытында да.

***

Индонезияда жамағат мешітке жиналды

Әлемдегі ең ірі мұсылман мемлекеті – Индонезияда ел тұрғындары Ораза айт мерекесін тойлауды мешіттен бастады. Ислам дінін ұстанушылар Қасиетті мейрам күні мешітке барып, айт намазына  қатысты. Себебі, биылғы Ораза айтта ел азаматтарына мешітте жамағат боп жиналуға рұқсат бар. Алайда мінәжат етушілер арақашықтық сақтап, бетперде киюі керек. Бұдан бөлек, ел үкіметі туған-туыстардың үйін аралау, алыс жолға шығуды барынша шектеуді ұсынды. Айта кетейік, Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азия өңірі бойынша коронавирустан ең қатты зардап шегіп отырған елдердің бірі. Бүгінге дейін 1,5 миллионнан аса адамнан қауіпті инфекция анықталды. 45 мыңнан астамы қайтыс болды.

Три Харьяти Нинсих, жергілікті тұрғын:

- Биыл бәріміз жамағат боп жиналып, дұға етіп жатқанымыз қандай жақсы. Былтыр мұндай мүмкіндіктен қағылып едік. Пандемия аяқталмағанына қарамастан биыл ел азаматтарына сақтық шараларын сақтай отырып, бірге мінәжат етуге рұқсат етілді. Көп ұзамай коронавирустан арылып, тұрақты түрде бірге дұға ететін күндерге де жетеміз деп үміттенемін.

***

Бангладештіктер Ораза айт мерекесін отбасымен қарсы алу үшін аймақтарға ағылды

Ал Бангладеште мыңдаған адам Ораза айт мерекесін отбасымен қарсы алу үшін аймақтарға ағылды. Негізі бұл елде коронавирустың өршуіне байланысты 3 мамырда локдаун жарияланып, көліктің барлық түріне тыйым салынған болатын. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жолаушылар теңіз айлақтарына көп жиналғандықтан, паромдардың жүруіне рұқсат еткен. Бірақ саны шектеулі. Карантин 16 мамырға дейін жалғасуға тиіс.

Сулайман, паром жолаушысы:

- Локдаунға байланысты қазір ешқандай көлік жүрмейді. Сондықтан пароммен бара жатырмын. Мұның өзіне әрең отырдым. Айт мерекесін ата-анаммен, туыстарыммен бірге тойлайын деп едім. Олар ауылда тұрады.

***

Малайзияда жаңа шектеу шаралары қабылданды

Малайзия билігі Ораза айт кезінде жұрттың жаппай жиналғанынан қауіптенеді. Тіпті тақауда тиісті шектеу шаралары да қабылданды. Атап айтқанда, 7 маусымға дейін тұрғындардың өңірлер арасында қатынауы қатаң шектелді. Білім беру мекемелері жабылады. Мың орынға арналған мешіттерде тек 50 кісі ғана құлшылық ете алады. Ал одан кіші орындарда тек 20 адамның мінәжат етуіне рұқсат. Мұндай шара қолдануға елдегі эпидахуал себеп дейді билік өкілдері. Өйткені Малайзияда қазір коронавирус онсызда өршіп тұр. Науқастардың көптігі сонша, жансақтау бөлімдерінде орын жоқ.

***

Түркияда биыл Ораза айт онлайн өтеді

Түркия халқы осымен екінші рет Ораза айт мейрамын онлайн режимде тойлауға мәжбүр. Себебі, елде 17 мамырға дейін толық локдаун енгізілген. Тұрғындардың жүріп-тұруын бақылау үшін 250 мыңнан астам сақшы жұмылдырылды. Оның 100 мыңы қалааралық жолдарды күзетеді. Жалпы бұл күндерде тек арнайы рұқсаты бар азаматтар ғана жұмысқа бара алады. Басқа қалаға баруға рұқсат сұраған бірнеше миллион кісінің тек 645 мыңына рұқсат берілген. Бұдан бөлек, елде 87 жыл араға салып Ая-София мешітінде алғаш рет айт намазы жамағатпен оқылды. Келген жұрт, барлық санитарлық- гигиеналық талаптарды сақтаған.

Осман Уғурлу, тұрғын:

- Төрт қабырғаның ортасында өтіп жатқан айт болды. Туған-туыс, жақындарымызбен кездесуге тыйым салынған. Дәстүрлі түрде тойлау қауіпті. Елдегі қазіргі жағдайдан да беттер болуы мүмкін.

Гүрол Сачын, тұрғын:

- Бір-бірімізді онлайн ғана құттықтап отырмыз. Бұған мәжбүрміз. Үлкендердің қолын сүю, кішілердің басын сипау жоқ. Оны кейінгі айттарға сақтадық.  

***

Үндістанда ескертуге қарамастан базарда кісі қарасы қалың

Үндістандағы эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Сондықтан Діни ұйымдар мұсылман қауымға мүмкіндігінше тысқа шықпай, Ораза айт мерекесін үйде қарсы алуға кеңес берді. Өйткені осыған дейінгі діни мереке кезінде жұрт мыңдап жиылып, салдарынан індет өршіп кеткен еді. Бірақ соған қарамастан, базарда сауда жасап жүргендер аз емес. Оны мына кадрлардан байқауға болады.

Бірақ дүкен иелері «сауда мәз емес» дейді. Олар бұрын Ораза айт кезінде базарда адам бұдан әлдеқайда көп болатынын айтады.

Дүкен иесі:

- Бұрын сауда қызып тұратын. Адам да көп болатын. Алайда пандемия салдарынан жағдайымыз нашарлап кетті. Сөреде тауар көп. Қоймада да тәттілер толып тұр. Оны қашан сатып бітеміз?