427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ дәрігерлері 12-15 жас аралығындағы балаларға вакцина салып жатыр

  • 161
  • UPD: 12:33, 14.05.2021

Қытайдың шығысындағы Аньхой провинциясында коронавирус жұқтырған 2 адам анықталды.

Жергілікті денсаулық сақтау саласы басшыларының хабарлауынша, 2 науқаспен байланысты болған 178 тұрғын карантинге жабылды. Індетке шалдыққандармен жақын қарым-қатынаста болғандар қатары мұнымен шектелмеуі мүмкін. Себебі эпидемиологиялық тексеріс әлі жүргізіліп жатыр.

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 12-15 жас аралығындағы жеткіншіктер вакцина ала бастады. Осының алдында құзырлы органдар «Пфайзер-Байонтек» екпесін жасөспірімдерге қолдануға рұқсат берген болатын. Президент Джо Байден штаттарды жеткіншектерге препарат егу науқанын тезірек бастауға асықтырып отыр. Сондай-ақ Ақ үй басшысы вакцинаның тым құрығанда бірінші дозасын американдықтардың 59 проценті салдырғанын мәлімдеді. Ал АҚШ-тың Тәуелсіздік күні тойланатын 4 шілдеде егілген тұрғындар қатары 70 процентке жетуі тиіс. 

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Індеттерді бақылау және алдын алу орталығы бірнеше сағат бұрын толық вакцина салдырған адамдарға іште де, сыртта да бетперде киюдің қажет емес екенін хабарлады. Бұл үлкен бетбұрыс, ұлы күн деп ойлаймын. Мұндай толағай табысқа тез арада вакцина салдырған тұрғындардың арқасында жетіп отырмыз. Екпе алған американдықтар бізді бүкіл әлем алдында ерекшелейтін қылығымызды жасай алады, яғни тісін ақситып күле алады. 

Үндістанның ең ірі қаласы Мумбайда коронавирустан қайтыс болғандар саны еселеп артуда. Өлім-жітім көбейген сайын крематорийлер қызметкерлері мәйіттерді өртеп үлгіре алмай жатыр. Мұсылмандарға арналған зират мамандарының да жұмысы қауырт. Мұнда 1 күннің ішінде 140 мәйіт әкелінген. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының соңғы аптаға жасаған есебі бойынша әлемдегі коронавирустан қайтыс болғандардың 25 проценті, ал жұқтырғандардың жартысына жуығы осы Үндістанда тіркелген.

Хабар 24 телеарнасы