427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Біз Олимпиада өткізетіндей жағдайда емеспіз – Жапония халқы

  • 211
  • UPD: 22:07, 14.05.2021

Токиода өтуі тиіс Олимпиада ойындарына небәрі 2 айдай ғана уақыт қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жапон халқы әлі күнге дейін бұл доданы қабылдауға келісер емес. Елде індет өршіп тұрған шақта халықаралық жарыс ұйымдастыру қаншалықты дұрыс дейді наразы жұрт. Бірақ билік өкілдері 4 жылда бір келетін ойындарды қайтсе де өткізуге бекініп отыр.

Олимпиада ойындарын ұйымдастыру жапон жұрты үшін қиын мәселеге айналды. Бүгінде халықтың басым бөлігі оған қарсы. Тіпті шеруге шығып, петиция құрып жатыр.

Олимпиада төңірегінде талай даудың туғаны анық. Спортшылармен байланысты дау-дамайлар, нәсілдік жанжалдар, бәрісін-бәрі дүбірлі дода айналасында болып жататын сәттер. Бірақ бүгін біздің айтпағымыз мүлде басқа нәрсе. Ол Токио олимпиадасының тағдыры. Өте ме, өтпей ме деген сұрақ. Себебі басты бәсекенің басталатын кезі жақындаған сайын Жапонияда Олимпиада ойындарын өткізуге қарсылық танытып жатқандар қатары көбейіп келеді.

Такаши Сакамото, шеру қатысушысы:

– Ауру барған сайын ушығып барады. Олимпиадаға бөлініп жатқан қаржы коронавируспен күреске, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмектесуге жұмсалатын шығар деп ойлап едім. Өйткені індетке дейін де ішер асы жоқ кісілер көп болды. Ал пандемия жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді.

Наразылар тіпті тиісті петиция да құрған. 9 күн ішінде оған 350 мың адам қол қойыпты.

Уцуномия Кенджи, петиция авторы, адвокаттар қауымдастығы федерациясының бұрынғы басшысы:

– Жапония бүкіл әлемнен ағылған азаматтарды қарсы алуға шынымен де дайын болған кезде ғана Олимпиада өткізу керек. Қазір біз жарыс өткізетіндей жағдайда емеспіз. Сол себепті Олимпиада ойындары шегерілуі тиіс.

Ұйымдастырушылар бұл петицияны Олимпиада және Паралимпиада комитетінің жетекшілеріне, Токио губернаторына жолдаған. Өз кезегінде жергілікті билік өкілдері Олимпиаданың қауіпсіз өтуі үшін қолдан келгенше күш салатынын айтады.

Коикэ Юрико, Токио губернаторы:

– Түрлі проблемалар бар. Бірақ қандай қиындықтар болмасын, Токио ойындарын сәтті өткіземіз деп сенемін. Жарысты бәріне бірдей қауіпсіз болатындай етіп ұйымдастыруға тырысамыз.

Жалпы, бұл олимпиадаға қарсылық танытып жатқан тек қарапайым халық емес, арасында танымал спортшылар да бар. Мысалы, гольф чемпионы Хидеки Мацуяма мен әйелдер арасында үздік теннисші атанған Наоми Осака да доданың өтуіне наразы. Ал дәрігерлердің өкпесі тіпті қара қазандай. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, спорттық шараға дәрігерлерді волонтер ретінде тарту ақылға қонымсыз дейді. Ақ халаттылар жұмыстарының онсыз да ауыр екенін алға тартады. 

Бұған дейін Жапонияның 40 қаласы олимпиада ойындарының спортшыларын қабылдаудан бас тартқан еді. Жергілікті биліктің бұл шешіміне аймақтағы эпидахуал себеп болды. Елдегі жағдай қазір де мәз емес. COVID-19-дің өршуіне байланысты тағы үш префектурада төтенше жағдай режимін жариялады. Олар: Хоккайдо, Окаяма және Хиросима аймақтары. Ел үкіметі тағы үш өңірде атап айтқанда, Гумма, Ишикава және Кумамотода шектеу шараларын күшейтуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде Токио мен Осаканы қоса алғанда, елдің алты префектурасында төтенше жағдай енгізіліп қойған. Ереже бойынша мейрамханалар ішімдік сатпауы тиіс, кешкі сегізге дейін жұмысын тоқтатуы қажет. Жарыстар мен концерттерге бес мың адамнан артық адам қатыса алмайды. Күрделі ахуалға қарамастан, Ёсихидэ Суга үкіметі алдағы Олимпиада ойындарын қайтсе де өткізуге бекініп отыр.

Ёсихидэ Суга, Жапония премьер-министрі:

– Ел азаматтарының Токиодағы Олимпиада ойындарының өтуіне қатты алаңдап отырғанынан хабардармын. Сондықтан кеселдің таралуын тежеу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында жазғы ойындарға қатысатындарға қатаң талап қойылады. Бұл өте маңызды деп есептеймін.

Бұған дейін Жапонияға баратын спортшылар, жаттықтырушылар, көмекші персонал, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары ел аумағына енерде COVID-19 тестінің теріс нәтижелерін көрсетулері керек деген ақпар тараған болатын. Олар коронавирустан сақтану ережелерін ұстанып, әр төрт күн сайын тестілеуден өтіп отыруға міндеттеледі.

Токио Олимпиадасы 2020 жылы жазда өтуі тиіс еді. Бірақ пандемияға байланысты биылға шегерілді. Енді ол 23 шілде мен 8 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек арасында өтеді деп жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы