Таяу Шығыста қарулы қақтығыстан қаза тапқандар саны артты

Таяу Шығыста Израиль әскерінің соққысы мен ХАМАС ұйымының зымырандық шабуылдарынан құрбан болғандар саны артты.

Мамырдың 10-ынан басталған қарулы қақтығыстан Газа секторында 139 адам қаза тапты. Мыңға жуық кісі жараланған. Иордан өзенінің Батыс жағалауында еврей полициясымен қақтығыстан он шақты палестиналық көз жұмды. Ал Израильде 8 тұрғын қайтыс болған.

Бүгін ХАМАС қозғалысы Израильдің тағы бірнеше қаласын атқылағанын мәлімдеді. Израиль күштері болса, ұйымның бірқатар жерасты бекінісі мен қару-жарақ қоймасын талқандаған.

Набил, жергілікті тұрғын:

- Мұндай шабуылды өзге халықтың басына бермесін. Израиль ұшақтары қаламызды түні бойы бомбалады. Теңіз бен құрлықтан та атқылады. Біздің тұрғын аудан бірнеше минуттың ішінде тас-талқан болды.