427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда жанармай бағасы қымбаттады

  • 176
  • UPD: 23:39, 15.05.2021
Грузияда жанармай бағасы қымбаттады

Грузияда экономикалық дағдарыс. Барлық салада баға күрт өсіп, жанармай да қымбаттаған. Бензин құны Еуропа елдеріндегі деңгейге жетіп, қарапайым халыққа ауыр тиді. Жанармай бағасының қымбаттауына не себеп?

Грузияда жанармай құны күрт қымбаттап, бір литр бензин 1 долларға жеткен. Сарапшылар бұл соңғы онжылдықта тіркелген баға шарықтауы деп отыр. Елдегі жұмыссыздық пен адамдардың табысының азаюы ахуалды ушықтыра түскен. Мамандар жанармайдың қымбаттауына коронавирус індеті әсер етті дейді. Себебі ковид-19 кесірінен елде инфляция шарықтап кеткен.

Вахтанг Иобашвили, Грузия мұнай өнімдерін импорттаушылар одағы төрағасының орынбасары:

- Егер ұлттық ақшамыздың долларға шаққандағы құны төмендей берсе, баға өсе береді. Тұтынушыларға бұл ауыр тигенімен лари құны алда әлі тағы құнсыздануы мүмкін. Себебі індетпен байланысты дағдарыс елде бірден сезіледі.

Көрші Түркия да инфляцияны сезініп жатыр. Бірақ ол мемлекет индустриалды болғандықтан дағдарысты жеңіл еңсере алады дейді мамандар. Ал Грузияда өңдеу кешендерінің жоқтығынан жанармайдың қымбаттауы халықтың өміріне бірден әсер еткен. 

Зураб Манджгаладзе, жүргізуші:

- Әрине бағаның қымбаттауы жаман. Жанармай бағасының өсуі жанұя бюджетіне бірден әсер етеді. Біз бұған наразымыз.

Леван Мамниашвили, жүргізуші:

- Үнемі көлікпен жүретіндіктен қаражатымның біраз бөлігі жанармайға кетеді. Бағаның қымбаттағаны ауыр тиді. Менің көлігім бензин аз тұтынады. Соған қарамастан қалтаға оңай соқпай тұр.

Мамандар ел экономикасы толық қалпына келмей жанармай бағасы өсе береді деп отыр. Және алдағы 2 аптада бензин тағы қымбаттайтынын айтады. 

Авторлар: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы