Израиль ХАМАС басшысының үйіне бомба тасталғанын хабарлады

Бейбітшілік тілеушілер түн баласы Таяу Шығысқа алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күндіз де сол жақтан келетін ақпаратқа құлақ түреді. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап түрлі қоғамдық бірлестіктер үндеуі әзірше қырғи қабақ екеуіне әсер етпеген секілді. Мысалы, Израиль таң бозынан ХАМАС басшысының үйіне бомба тасталғанын хабарлапты. Тағы бір дерек Тель-Авив зымыранмен атқыланғанын айтады. Яғни, 7 күннен бері екі жақ та өш алу, кек қайтаруға көбірек бекінген секілді. Денсаулық сақтау саласы өкілінің айтуына қарағанда, Палестина жақтан кем дегенде 3 адамның қайтыс болғаны айтылады. Йордан өзенінің батыс жағалауы түн баласы жарылыстан көз ашпады деген де пікір бар. Жараланғандар саны нақтыланған жоқ. Алайда олардың аз еместігі айтылады. Тағы да сол ресми өкіл сөзіне сенсек, дүйсенбіден бері Газа секторында кемі 148 адам қайтыс болған. Оның қырық бірі – балалар. Израиль жағы 10 адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал өткен түнде Тель-Авивке қауіп төнгені жайында ескертіліп, жергілікті жұрт қорғану үшін жертөлеге жүгірген. Бірін бірі жаншып кете жаздаған халық арасында жарақат алғандар бар. АҚШ арағайындығы, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік орнатудағы ұмтылысы және Мысыр бастамасы әзірше нәтиже берер емес. Таяу Шығыста нақақ қан төгілуде. Бүгін қауіпсіздік кеңесі тағы бір кең көлемді жиын өткізуге бекініп отыр. Ал Израиль мен ХАМАС таяу арада татуласу жағын тіпті қарастырған да жоқ.