Тель-Авивтің құйтырқы әрекетіне жол бермейміз – ХАМАС басшысы

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың тоқтайтын түрі жоқ.

Израиль таңсәріден Газа секторын әуе мен құрлықтан көздеп, 3 адам қаза тапқан. Ондаған тұрғын жарақат алды. Ал ХАМАС Тель-Авивке зымыран бағыттап, 10 адам жараланды. Жалпы дүйсенбіден бері жалғасып келе жатқан әскери қимылдан Газа секторында көз жұмғандардың саны 148-ге жеткен. Олардың 41-і бала. Осы уақыт аралығында Хамас Израиль аумағына 2 мыңнан аса зымыран ұшырса, еврей күштері Газадағы 1 мыңнан аса нысанға соққы жасаған.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Өткен аптада бірнеше қаланы зымырандармен атқылағанда тұрғындар арнайы орындарда жасырынуға мәжбүр болды. Бірнеше адам қаза тапты. Мұндай жағдай кімді де болсын ойландырады. Және кез келген мемлекет қол қусырып отырмайды. Тисінше жауап береді. Біз өз халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарланған іс-шараны соңына дейін апармыз.

Ал Катар астанасында жиналған халықтың алдына шығып ХАМАС басшысы Исмаил Хания сөз сөйледі. Ол қақтығыс Израильдің Иерусалимде бейбіт шерушілерге күш қолданғаннан кейін басталғанын айтты. Тель-Авивтің мұндай құйтырқы әрекетіне жол бермейміз деді.

Исмаил Хания, «Хамас» қозғалысының жетекшісі:

– Біз бәріміз Иерусалим үшін жауаптымыз. Кім Иерусалимге қолдау көрсеткісі келеді, көмегін аямасын. Тек материалдық қолдауды айтып отырған жоқпын. Егер бұқаралық ақпарат құралдары қолдау көрсетсе немесе әлеуметтік желілер ақиқатқа жүгінсе қандай дұрыс. Әрине қаржылай көмектесем десе тіпті жақсы. Қалай болса да қолдауын аямасын.

Иорданияның батыс жағалауында да еврей полициясы мен шерушілер арасында қақтығыс толастар емес. Оннан астам адам қаза тауып, ондаған кісі жараланған. Израильдің өзінде еврейлер мен арабтардың бір-біріне шабуылы күшейіп, 400 адам қамуға алынған. Бұған жексенбі күні еврейлердің Иерусалимде шеру өткізіп, еврей полициясының палестиналықтарға күш қолдануы себеп болған.

Сондай-ақ...