ЕО Сыртқы істер министрлері Таяу Шығыс мәселесін талқылайды

Еуроодақ Сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы қақтығысты талқылау үшін жуық арада бас қосады.

Бұл туралы Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлімдеді. Оның айтуынша, шұғыл кездесуде 27 елдің бас дипломаттары жанжалды шешудің жолдарын іздестіруге күш салады. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, екі жақтың оқ атуынан бейбіт тұрғындар да қаза тауып жатыр.

Ал Таяу Шығыстағы Газа секторында Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны артып, 188-ге жетті. Олардың 50-ден астамы бала. Мыңнан аса тұрғын жараланған. Қарулы қақтығыс жалғасуда. Израиль таңсәріден Газа секторын әуе мен құрлықтан көздеп, бүгін он шақты адам көз жұмған. Ондаған тұрғын жарақат алды. ХАМАС Тель-Авивке зымыран бағыттап, 10-нан аса адам жараланды. Жалпы дүйсенбіден бері ХАМАС Израиль аумағына 3 мыңға жуық зымыран ұшырса, еврей күштері Газадағы 1 мыңнан аса нысанға соққы жасаған. Қос тарап та әскери қимылды жағастыра беретінін мәлімдеп отыр.