Үндістанда дауылдан алты адам қаза тапты

Үндістанның батыс жағалауына қарай Арабия теңізі жақтан Тауктае атты тропикалық дауыл келе жатыр. Осыған байланысты аймақтағы мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Дауыл шарықтау шегіне әлі жете қойған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде елдің оңтүстік-батысындағы Гоа және Карнатака штаттарында күшті жел мен қатты нөсер үйлерді шайып, ағаштарды опырып, электр желілерін үзіп, салдарынан 6 адам ажал құшқан.

Прамод Савант, Батыс Гоа штатының басшысы:

- Гоада 2 адамның қайтыс болғаны туралы хабар бар. Бір қыз ағаштың астында қалып, көз жұмған. Скутермен келе жатқан екіншісіне электр бағаны құлап, мерт болған. 

Синоптиктер дауыл елдің батысына бүгін кешке немесе 18 мамыр күні таңертең келеді деп болжайды. Ол кездегі желдің екпіні секундына 48 метрге жетуі мүмкін. Құзырлы органдар тас жолдары мен темір жолдарды су басып, көлік қатынасына кедергі келеді деп, қазірден тұрғындарды ескертіп жатыр. Қауіп төніп тұрған аумақтарға табиғи апатпен күрес бойынша 80-ге жуық топ тартылған. Арасында құтқарушылар мен сарбаздар, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ кемелер мен ұшақтар бар.