Қытайда қоқысты сұрыптамай лақтырғандар жазаға тартылады

Бейжің тұрғындарының 90 проценті қоқысты сұрыптайды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады. Былтыр Қытай астанасында қалдықтарды бөліктеп жинаудың жаңа ережелері пайда болды. Оларды бұзғандар 200 юаньға дейін айыппұл төлейді, ол шамамен он үш мың теңге. Кәсіпорындар үш миллион теңгеден астам жазаға тартылады. Бұл талап ірі қалаларда басталды. Ал 2025 жылға дейін басқа елді мекендерге де таратады.

Қоқысты сұрыптау науқаны бірнеше жыл жүзеге асырылады. Қала тұрғындары қоқысты төртке бөлуі керек: тағам, өңделетін, қауіпті және басқа қалдықтар. Алғашқы нәтижелер таңқалдырады: күнде төрт мың тоннадан астам тағам қалдықтары жиналады. Бұрынғымен салыстырғанда он үш есе өскен.

БЛИЦ:

– Мен қалдықтарды бөліп жинауды қолдаймын. Бұл қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі. Дегенмен, кейбір қиындықтар әлі де пайда болады. Мысалы, адамдар кейде дұрыс сұрыптамайды. Мен үшін ол өте маңызды, қоқысты сұрыптау әдетке айналғанын қолдаймын.

 – Қоқысты сұрыптау өте маңызды. Бұл әр адамның жауапкершілігі. Мысалы, бар қоқысты бір пакетке салсақ, оны кейін бөліп жинау қиын болады.

Қоқысты сұрыптау ісін 120 мыңға жуық адам бақылайды. Қаланың ішінде 13 мың тұрғын үй кешені назарға алынады. Тұрғындарға ыңғайлы болсын деп арнайы қосымшалар да шығарылды. Оған қарап кез келген қалдық қай жәшікке салынатынын білуге болады. Тіпті қоқысты сканерлеп, жасанды сананың кеңесін де алады. Оның бәрі ережелерді бұзбауға бағытталған. Әйтпесе 200 юаньға дейін айыппұл төлеу керек.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Алдымен адамдар қоқыс сұрыптауды үйренеді. Оны арнайы қызметкерлер іске асырады. Сонымен қатар әр тұрғын үйдің ауласында ұран жазылған плакаттар орнатылған. Ал қоқысты тастау үшін жәшіктерге жақындағанда автоматты түрде дауыс қосылады. Ол қоқысты дұрыс сұрыптауды есіңізге салады.

Тағам қалдықтарының бір бөлігі тұрғын үйлер ауласында өңделіп, тыңайтқышқа айналады. Қалғандардын арнайы машиналар әкетеді. Қоқыс түрін жеке көлік келіп шығарады. Өңдеу орталықтарына келгеннен кейін қайтадан сұрыпталады. Содан кейін қайта өңдеуге жіберіледі. 

Сунь Индэ, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау орталығының басшысы:

- Мысалы, біз ірі картон қораптарды машиналардан өткізіп, шағын қорапқа айналдырамыз. Оларды кейін жеткізу қызметтері қолдана алады. Қалғанын өңдеуге жібереміз. Қоқысты толығымен кәдеге жаратсақ, қуат пен қорларды сақтай аламыз.

Биылдан бастап Қытай қоқысты шетелден импорттауға тыйым салды. Оның орнына жергілікті өңдеу кәсіпорындары ел ішіндегі қалдықтарды кәдеге жаратуға күш салуы тиіс. Себебі Қытай қатты тұрмыстық қалдықтарды көп шығаратын елдің бірі. Ал мемлекетте электронды сауданың дамуына байланысты заттарды орайтын қағаз көлемі артады. Сәйкесінше қоқыс та көбейеді. Сондықтан билік барлық тұрғындарға қоқысты дұрыс сұрыптауды және шірімейтін пластикті қолданбауды үйретеді.