Әлемде артық жұмыс істеуден көз жұматындар саны артқан

Әлемде артық жұмыс істеп, ажал құшатындар саны жүз мыңдап саналады. Мұндай мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады.

Мамандардың айтуынша, ковид-19 індеті кезінде жұмыста ұзақ отыру үрдісі одан сайын тереңдеуі мүмкін. 

Ұзақ уақыт жұмыс істеп, өмірмен ертерек қоштасуға қатысты әлемдік деңгейдегі алғашқы зерттеуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еңбек жөніндегі халықаралық ұйым жүргізген. Зерттеу нысанына айналған 2016 жылы 398 мың адам түрлі жүрек ауруынан, тағы 347 мың қызметкер инсульттан көз жұмған.

Джиан Ли, профессор:

- Аптасына 55 сағаттан артық жұмыс істеу жүрек ауруларынан қайтыс болу көрсеткішін 17 процентке, ал инсульт алу қатерін 35 процентке арттыратынын анықтадық. Бұл 22 топтық зерттеуге қатысқан 340 мың адамның мәліметтеріне негізделген.

Қайтыс болғандардың 72 проценті орта жастан асқан ер адамдар. Құрбандардың көбі Қытай, Жапония және Австралия тұрғындары.

Франк Пега, ДДСҰ Денсаулық департаментінің техникалық қызметкері:

- Күніне ұзақ уақыт жұмыс істеу стресс тудырады. Ал шаршап, қалжырап, күйзеліп жүрген адамның өнімді жұмыс істеуі де қиындайды. Сондықтан экономикалық дағдарыс кезінде жұмыс сағатын көбейтпеу ақылды шешім болмақ.

Соңғы зерттеу мәліметі бойынша әлем халқының 9 проценті артық жұмыс істеуді әдетке айналдырған. Әсіресе аталған теріс үрдіс коронавирус кезінде белең алып барады.

Франк Пега, ДДСҰ Денсаулық департаментінің техникалық қызметкері:

- Елдер жалпыұлттық локдаун жариялағанда қашықтан жұмыс істегенде сағат саны 10 процентке көбейгенін анықтадық. Бұл мәліметті АҚШ Экономикалық зерттеулер жөніндегі ұлттық бюросы берді. Еңбек нарығы мен жұмыс орнындағы бәсекеге қабілеттіліктің артуы мен экономикалық дағдарыстың тереңдеуі жұмыс сағатын көбейтуге әкелетінін байқаймыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұмыс берушілерге қызметкерлерінің денсаулығын қорғау үшін еңбек ету ұзақтығын шектеуді ұсынды. Тіпті мемлекеттер осы бағытта арнайы заң қабылдауы керектігі де айтылып жатыр.

Сондай-ақ...