Әлемде қандай тауарлар қымбаттайды?

Пандемия салдарынан әлемде азық-түлік бағасы соңғы 10 жылда болмаған деңгейде қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар алдағы уақытта басқа да тауарлар құны шарықтайтынын болжап отыр. Олардың қатарында үнді шайы, бразилиялық кофе мен шоколад бар.

Үндістанда қара шай қымбаттауы мүмкін. Оның екі себебі бар. Яғни, пандемия мен қуаңшылық. Елде бұл өсімдіктің ең ірі өндірушісі – Ассам штаты. Өңір қазір алапат құрғақшылықтың зардабын тартып отыр. Одан бөлек, вирус кесірінен жұмыс күшінің тапшылығы туындаған. Өйткені плантацияда еңбек ететін қызметкерлер арасында індет жұқтырғандар көп. Былтыр елдегі эпидемиологиялық ахуал қазіргіден әлдеқайда жақсы болатын. Алайда соның өзінде шай өндірісі 2 есеге қысқарған еді. Енді сарапшылар Үндістан алдағы 3 жылда әлемдегі ең ірі шай монополистерінің үштігінен шығып қалуы мүмкін деп отыр.  

Адеш Хангал, Үндістан шай кеңесінің ресми өкілі:

– Коронавирустан Үндістанның ғана емес, бүкіл әлемнің шай өндірісі зардап шегіп отыр. Алайда өзге елдердегі жағдай біздікінен жақсы. Басты бәсекелесіміз – Шри-Ланкада бұл тауар тек 5 проценке қымбаттады. Ал Кенияда тіпті баға арзандап кеткен. Өйткені бұл мемлекеттер шайды жинау маусымын жақсы нәтижелермен аяқтады.

Тұтынушылар арасында шай секілді танымал сусының бірі – кофе. Оның әлемдегі ең ірі өндірушісі – Бразилия. Латын Америкасындағы ел Үндістан секілді коронавирустан ең қатты зардап шегіп жатыр. Былтыр карантин салдарынан логистикалық қиындықтар туындап, кофе дұрыс сақталмай, біраз өнім бүлінген еді. Салдарынан нарықта тауар түрінің тапшылығы туындады. Ол аздай, биыл Бразилияны қуаңшылық жайлады. Латын Америкасында ірі өндірушілер қатарында Колумбия да бар. Ал мұнда өнімді жинауға толассыз нөсер кесірін тигізді. Сарапшылар кофе бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді.       

Харуми Ходжо, кофе фермасының қызметкері:

– Біреумен кездесуге барғанда, әдетте неге тапсырыс береміз? Иә, кофеге. Оны ішіп отырып, әңгіме дүкен құрғанға не жетсін? Бұл тек бразилиялықтардың ғана емес, әлемдегі көп адамның сүйікті сусыны. Сондықтан оған деген сұраныс жыл сайын ұлғаяды.

Сарапшылар алдағы уақытта әлемде шоколад, ерін далабы мен тіс пастасының бағасы да қымбаттауы мүмкін екенін ескертіп отыр. Өйткені аталған заттардың өндірісінде пальма майы қолданылады. Кейінгі бір жылда бұл майдың бағасы 120 процентке қымбаттап кеткен. Қазір оның бір тоннасы бір мың доллардан асады. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Бәріне коронавирус себеп. Әлемде бұл тауардың 84 процентін Малайзия мен Индонезия шығарады. Алайда пандемияға байланысты бұл елдер өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр. Өйткені карантинде еңбек мигранттарының келуі қиындаған. Одан бөлек, пандемия кезінде өсімдік майы 100 процентке, ал соя майы 150 процентке қымбаттаған. 

АҚШ-та жанармай бағасы соңғы 7 жылда болмаған көрсеткіштерге дейін жеткен. Бірақ оған коронавирус себеп емес. Бұл жағдайға жергілікті Колониал Пайплайн компаниясының құбырлар желісіне жасалған кибершабуыл әсер етті. Салдарынан жанармай тапшылығы туындап, бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды. Ал Ресейде ұшақтарға арналған жанармай қымбаттады. Жыл басынан бері авиакеросин құны 20 процентке көтерілді. Пандемия кезінде қатты зардап шеккен әуе компанияларының қосымша шығындары 70 миллиард рубльге дейін жетуі мүмкін. Сарапшылар бұл әуе билеттерінің қымбаттауына әкеледі дейді.

Сондай-ақ...