Үндістанда жойқын дауылдан 12 адам мерт болды

Коронавирус індетінен көз ашпай отырған Үндістан енді жойқын дауылдан есеңгіреп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің батысындағы бірнеше штатта ойран салған «Тауктае» циклонынан қаза тапқандардың саны 12 адамға жетті. Мамандар мыңдаған адамды эвакуациялады. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қазір Гуджарат штатында көтерілген желдің екпіні сағатына 175 шақырымға дейін жетеді. Төпелеп жауған жауын-шашыннан шаһарлар топан су астында қалды. Қатты желден ағаштар құлап, электр сымдары үзіліп жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен жергілікті билік аймақтағы бірнеше әуежайды жауып тастады. Кей өңірлерде вакцинация науқаны да тоқтатылды. Бұған дейін Циклон Керала, Махараштра, Гоа мен Карнатака штаттарын тас-талқан етті. Енді дауыл Гуджарат штатын жайпап жатыр. Мамандар табиғат апатынан келген шығын мөлшерін есептеуге кірісті.

Сондай-ақ...