Оңтүстік Кореяда коронавирус туралы жалған ақпарат таратқанға жаза қатаң

Оңтүстік Кореяда коронавирус туралы жалған ақпарат легі біршама азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар «бұған қатаң заңдар себеп» дейді. Өйткені жалған мәлімет таратқандарға қомақты айыппұл салынады. Ал моральдық немесе материалдық зиян келтіргендер түрмеге қамалуы мүмкін.

Владислав Цой, тілші:

- Кореяда COVID-19 індетін жұқтырған бірінші науқас былтыр қантарда анықталды. Дәл сол уақытта республикалық полиция басқармасында коронавируспен байланысты қылмыстармен айналысатын арнайы бөлім ашылған болатын. Індет туралы жалған ақпарат көбінесе интернетте таратылады, сондықтан заңға қайшы әрекеттердің алдын алу осы киберқылмысқа қарсы бөлім құзырына тиесілі.

Кореяның Ұлттық полиция агенттігіне кіру оңай шаруа емес. Ал киберқылмыстарға қарсы бөлімін көру тіптен қиын. Серверлерінде көптеген құпия ақпарат, оның ішінде Корея азаматтарының дербес деректері сақталған бөлімге қызметкер тек жеке электронды картасымен кіріп-шыға алады. Коронавирус туралы жалған ақпаратты қадағалаумен бүкіл ел бойынша 46 қызметкер айналысады. Олар азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар бойынша жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін COVID-19-бен байланысты 291 жалған дерек анықталған. Оның 182-сі бойынша 286 адам қамауға алынды. Тағы 109 іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Чой Джон Санг, Киберқылмыстарды тергеу бөлімінің басшысы:

- Былтыр індет тарай бастаған кезде бетпердеге сұраныс өте жоғары болды. Интернетте жалған маска сатқан адамдарды ұстадық. Әлеуметтік желілер арқылы коронавирустан көз жұмған науқас туралы, сонымен қатар біреулердің коронавируспен ауырғаны жайлы жалған ақпарат таратылды. «Телеграмм» каналда вирус жұқтырды делінген 12 мың адамның аты-жөні, мекенжайы секілді жалған тізім жарияланған. Бұл ақпаратты таратқан адам қамауға алынды.

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандарға қолданылатын негізгі жаза шаралары мынадай: фейк таратушыны қамауға алу – ең ауыр жаза. Мысалы, әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат үшін және оның салдарының ауырлығына байланысты қылмыскер бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 44 мың долларға дейін айыппұл төлейді. Сондай-ақ адам науқаспен байланыста болмадым деп алдап, ауруды басқаларға жұқтырса, 2 жылға түрмеге қамалуы мүмкін немесе 17,5 мың долларға дейін айыппұл төлейді. Ал ең жеңіл жаза – 88 доллар көлеміндегі айыппұл, қабырғаға жалған ақпарат жазғандарға салынады.

Індет тарала бастаған кезде Оңтүстік Кореяда жалған мәліметтер көп тіркелсе, қазір салыстырмалы түрде әжептеуір басылды. Дәрігерлер карантин салдарынан депрессияға түскендердің де азайғанын айтады.

Хан Гю Хи, психиатр:

- Жас ерекшеліктеріне байланысты депрессияның себептері де әртүрлі. Негізінен қарт адамдарда физикалық белсенділіктің төмендеуінен ұйқы қашып, депрессияға ұшырайды. Өйткені олар бұрынғыдай жинала алмайды немесе шіркеуге бара алмайды. Тіпті басқаларға жұқтырмау үшін балаларына да бармайды. Ал жастар көбінесе жұмысынан айырылуынан немесе қашықтан жұмысқа шығуына байланысты депрессияға ұшырайды. Қазір мұндай жағдайлар азайды, өйткені экономикалық жағдай жақсарып келеді.

Індетке байланысты құқық бұзушылықтармен күресу бөлімі елде коронавирус індеті біржола жойылған кезде бір-ақ таратылмақ. Десе де, бұл күн әлі жақындар емес. Өйткені өткен тәулікте ғана Кореяда 619 адамнан коронавирус анықталған.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян