Әлемде техника мен азық-түлік қымбаттайды

Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған зерттеуге сай, сәуір айында соңғы 7 жылда болмаған қымбатшылық тіркеліпті. Баға әлі де шарықтай береді. Оған шикізат тапшылығы себеп.

Пандемия тұтынушылардың сұранысына ерекше әсер етті. Тасымал шектеулері өндірушілерді де әурелегені анық.

Шикізат тапшылығы жаһандағы азық-түлік пен техника құнын аспандатпақ. Мамандар болжамы осындай. Оған сай көлік, тұрмыстық техника, т.б өнім түрлеріне ессіз сұраныстың жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін түсінуге болады. Енді өндірушілер тасымал қиындықтарына тап болмас үшін шикізатты барынша сатып алуға тырысып жатыр. Дегенмен, қазірдің өзінде мыс, темір, пластик, тіпті картонның жетіспеушілігі орын алған. Кофе мен бидай да азайыпты. Мұндай дүрлікпе жылдың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Мамандар: «техника мен көлік құны 2023 жылға дейін қымбаттай береді» деп отыр. 

***

Биыл елімізде жалдамалы пәтер алу бағдарламасына өзгеріс енгізілмек

Яғни, бұл жүйе мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға ауысатын болады. Бастама бірінші шілдеге дейін пысықталады. Енді жалаң саннан сапаға көшу көзделіп отыр. Бұған Президент тапсырмасы мен мемлекеттік жоспарлау жүйесі әсер еткен. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы тұжырымдама әзірлеп жатыр. Пәтер кезекте тұрған отбасыға беріледі. Жалға алушы оған өмір бойы иелік ете алады. Бірақ әр 5 жыл сайын келісімшарт мерзімін ұзартып отыру қажет. Жалға алушы қаза болған жағдайда отбасының 18 жасқа толған басқа мүшесі пәтерді қайта ресімдеуге мүмкіндігі бар. Ал жұмысшы жастарға арналған пәтерлер тек 5 жылға ғана беріледі. Биыл елде 12 мың жалдамалы пәтер салынады.

***

Қазақстанда бензин бағасы 6% өскен

Елімізде жыл басынан бері қара алтын қымбаттап келеді. Бұл мұнай өнімдерінің бағасына әсер етті, әлбетте. Өткен айдан бері бензин 6%-ке өскен. Әсіресе, Көкшетау мен Петропавлдағы баға аспандап тұр. АИ 92 маркалы өнім литрін бұл жақтан 185 теңгеге аласыз. Өзге өңірлердегі ахуал осы шамалас. Тек Атыраудағы баға 10 теңгеге арзандаған. Мұнда өнімнің литрі 170 теңгеге сатылып жатыр. Ал әлемде бензин құны былтырдан бері 3 есе, яғни 260%-ке өскен екен.

Соңғы айларда дизельді отын да 1%-кеке қымбаттаған. Өнім құнын «Нарықтағы баға» айдарында айтып берейік.

Бір литр дизель отыны Алматыда 190 тг, Шымкентте бір теңгеге қымбат, Павлодар, Орал, Көкшетауда 193 теңгеден сатылып жатыр. Петропавл мен Қостанайдағы баға 195 теңге. Қарағандыда 199 тг болса, бас қаладан 205 теңгеге алуға болады.

***

Елімізде алтын құймаларына сұраныс артты

Қазақстандықтар алтынды инвестициялауға ден қойған. Өткен айда елде 2800-ге тарта алтын құймасы сатылыпты. Бұл – 95 келіге жуық өнім. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында белсенділік байқалған. Экономист Мақсат Халықтың ойынша, алтын құймалардың инвестициялық құрал ретіндегі орны ерекше. Себебі бағалы металл құнын сақтайды. Тіпті соңғы бес жылда тұрақты түрде өсіп келе жатқаны белгілі. Қазір ғана іскерлік белсенділік пен мұнай бағасының қалпына келуіне байланысты сәл арзандады. Осы ретте айта кетейік, елде 1 гр алтын 25 мың теңгеге бағаланады. Сатылымда 5, 10, 20, 50, 100 грамдық құймалар бар. Яғни 5 грамдық өнімді шамамен 130 000 тг алуға болады. Ал алтын құймалар екінші деңгейлі банктерде және жекелеген айырбастау пункттерінде сатылады

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 427 теңге 47 тиын, еуро 519 теңге 19 тиын, Ресей рублі 5 теңге 76 тиынға тең.