Үндістан үкіметі коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандармен күресті бастайды

Үндістан үкіметі коронавирус жөнінде жалған мәлімет таратушыларға қарсы күрес бастайтынын жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті полиция құрамында ақпарат пен деректі қадағалайтын жеке ведомство құрылды. Сарапшылардың пікірінше, фейк ақпарат ел арасында үрей туғызып, вакциналауға да кедергісін келтіреді.

Жақында Үндістанда 20 мыңнан аса адам уланып, ауруханаға түсті. Олар коронавирусқа қарсы ем болады деген бақсының сөзін тыңдап, сиырдың зәрін ішкен. Тіпті коронавируспен күресу бойынша жалпыұлттық топтың басшысы тағамдық қоспалар және шөп пен дәмдеуіштердің қайнатпаларымен емделуге кеңес берген екен. Салдарынан ондаған мың адам вакцина салудан бас тартты.

Уданта Мой, «Таза интернет» қорының құрылтайшысы:

- Жалған ақпарат Үндістандағы вакциналау науқанына айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Дүдәмал кеңестерге жүгінген жұрт тексерілмеген ем қабылдауда. Дәрігерлердің көмегін алуға асықпайды. Локдаун кезінде интернет пайдаланушылардың саны күрт артқаны түсінікті ғой. Адамдар күні бойы компьютер алдында отырып, ғаламтордан өз бетінше ем іздеуде. Дәрігерлердің еңбегі мен жалпы ғылымның қадірі кетті десе болады.

Енді жалған мәліметпен қоғам қайраткерлері ғана емес, арнайы қызмет күреспек. Оларға пандемияға қатысты бүкіл ақпаратты қадағалау міндеттелді. 600 маманнан жасақталған мекеме жұмысының алғашқы екі аптасында жалған ақпарат таратқан 400-ден аса адам анықталған. Олардың жүз елуге жуығы, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіпті ақпарат таратқаны үшін абақтыға қамалды.

Семинлен Пронай Хан, заңгер:

- Құрылымымыздың басты мақсаты – жазалау емес, коронавирус жөнінде өтірік мәліметтерді әшкерелеу. Мысалы, үнділердің өзге ұлттарға қарағанда індетке қарсы иммунитеті күшті болғандықтан вакцина салудың қажеті жоқ деген қаңқу сөз тарады. Бұл қисынсыз әзіл әлеуметтік желілерде тез тарап кеткендіктен, әлдебіреуді жазаға тарту қиын. Біз осы тақырыпқа бірқатар әлеуметтік видео түсіріп, вакцина салу қажет екенін және адамның туған жері оның иммунитетіне әсер етпейтінін түсіндірдік. Қауіп баршаға бірдей төніп тұр.

Жаңа мекеменің жұмысы қыркүйекке дейін жоспарланған. Егер осы кезге дейін жалған ақпарат ағыны басылмаса, ведомство арнайы қызметтердің мамандарымен күшейтіледі. Ал халық емшілерінің іс-әрекеті 1 маусымнан бастап алаяқтық емес, ұлттық мүдде мен қауіпсіздікке қауіп ретінде қарастырылатын болады. Тіпті осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы шығарылуы мүмкін. 

Авторлары: Михаил Зейфман, Устад Рахман