Еуропа вакциналау паспортының туризмге дем беретініне сеніп отыр

Еуроодақ елдері шетелдік саяхатшыларды өз аумағына кіргізу үшін вакциналау сертификаттарын күтіп отырғанда одаққа мүше Грекия өткен аптадан бері сырттан келген демалушыларды қабылдап жатыр. Бірақ олар коронавирусқа тапсырған тесттің теріс нәтижесін көрсетулері керек немесе екпе салдырған болуы тиіс. Алғашында Еуроодақ аумағында қолдануға рұқсат етілген вакцина туралы ғана айтылған. Алайда жергілікті билік қосымша қытайлық препарат пен «Спутник V»-ді салдырған шетелдік демалушыларды қабылдауға да рұқсат берді. Грекия Еуроодақтың өзге елдері секілді вакциналау паспортының дайын болғанын неге күтпеді деген сауал туындайды. Мәселе мынада: Эллада елінің экономикасы туризмге тәуелді. Оның үлесі 20 процент шамасында. Былтыр бұл саладан түсетін табыс 76 процентке азайған. Сондықтан жергілікті билік биылғы туристік маусымға көп үміт артып отыр. Бұл секторды қолдауға қыруар қаржы жұмсалады. Қосымша пакетке шамамен 400 миллион еуро бөлу қарастырылған. Қызметі қайта жанданатынына жергілікті кәсіпкерлер мәз. Шетелдіктер де шекараның ашылуын асыға күткенге ұқсайды. Сөйтіп, алғашқы екі күн ішінде Грекияға 24 мың саяхатшы келген.

БЛИЦ:

- Өте қуаншытымын. Грекия 14 мамырда шекарасын ашады дегенді ести салысымен бірден қонақүйді броньдап қойдық. Бұл күнді ұзақ күттік.

- Мен демалысымның көп бөлігін сыртта өткіземін. Яғни жағажайда не көшеде боламын. Сондықтан денсаулығым үшін алаңдамаймын. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.

Он шақты күн бұрын Испанияда шектеу шаралары жеңілдетіліп, өңірлер арасында қатынауға рұқсат берілді. Нәтижесінде мыңдаған адам жағажайға лап берді. Салдарынан жолдағы қарбалас 42 процентке артқан. Жалпы Испания экономикасы да Грекия секілді туризмге тәуелді. Былтыр шетелдік демалушылар саны 80 процентке азайған. Сондықтан кәсіпкерлер өзге елден келген саяхатшыларды, соның ішінде әсіресе британдық туристерді асыға күтеді. Өйткені Испания британдықтар арасында танымал аймақтың бірі саналады. Мәселен, 2019 жылы мұнда корольдіктің 18 миллионнан аса азаматы демалған. 

Жалпы бұл мемлекет Еуроодақ құрамына кірмейтін елдердің туристерін тек 20 мамырдан бастап қабылдауға дайындалып жатыр.

БЛИЦ:

- Демалыс күндері біздің дәмханада бос орын болмады. Енді шетелдіктер келетін болса тіптен жақсы болар еді. Біз оларды қабылдауға дайынбыз.

- Қалыпты өмірге қайта орала бастаған сияқтымыз. Бірақ сақтық шаралары жайлы ұмытпаған жөн. КОВИД-19-дың қандай қауіпті вирус екенін жақсы түсіндік.

Туризм Түркияның да жанды жері. Биыл жаңа маусым мамыр айында басталуы керек еді. Бірақ олай болмады. Өзгерістер бар. Қазір бізбен осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат тікелей байланысқа шығып тұр. Меруерт кеш жарық. Түрік жағалаулары демалушыларды қабылдауға дайын ба? Қандай жаңалықтар бар?

Меруерт Қанағат, тілші:

- 2020 жылды 65% шығынмен жапқан түрік туризмі жаңа маусымнан күтері мол еді. Дегенмен, елдегі эпидахуал өзіндік директиваларын енгізіп, мамырда басталуы керек туризм маусымын алдағы айларға шегеріп жіберді. Мәселен, Жерорта жағалауларына ең көп саяхат ететін екінші ел - Германия, Түркияны коронавирус бойынша «өте қауіпті» аймаққа кіргізіп, түрік курорттық жерлерінде демалып келген азаматтарынан 10 күн бойы оқшаулануды талап етеді. Ал Еуропа мен Ресей шекараны уақытша жауып, чартерлік рейстерін тоқтатты. Түркия үшін ресейлік туристер маңызды. Себебі елге ең көп саяхат жасайтын орыстар. Сондықтан түрік тарапы мәселені тезірек шешуге мүдделі.  Мәселені шешу үшін Түркияның мәдениет және туризм министрі бастаған делегация күні кеше Мәскеуге ресми сапармен барып келді. Екі жақты кездесудің нәтижесіне сәйкес, ресейлік делегация Түркияға жұмыс сапарымен келіп, демалыс орындарын аралап санитарлық-гигиеналық талаптарын тексереді. Сосын Ресей мен Түркиядағы эпидемологиялық жағдаймен салыстырып, ресейлік саяхатшыларды жіберу жөнінде шешім қабылдайды. Ал Украина Түркия қолдау көрсетіп, украин халқы түрік демалыс орындарында демалуға шақырып отыр. Айта кетерлігі, украиндықтар Түркияға жеке куәлігімен келуіне мүмкіндік бар.

Түркия туризм саласын барынша жандандыру үшін түрлі бағдарламаларды іске қосты. Мәселен, «Түркияда туристерден байланыста болатын әрбір тұрғынына екпе салдырмақшы». Мұны жергілікті мамандар «қос деңгейлік қауіпсіздік» дейді. Жалпы елде былтырдан бері «қауіпсіз туризм» бағдарламасы жұмыс жасайды. Бұл құжат түрін туристердің қабылдайтын әрбір жұмыс орны алуы тиіс. 

- Ал Қазақстан мен Түркия арасында чартерлік сапарлар уақытша тоқтатылған. Дегенмен, отандастарымыз көптен Түркияда жүр. Жалпы түрік демалыс орындары жұмыс ІСТЕП тұр ма?

Меруерт Қанағат, тілші:

-  Алдымен чартерлік сапарлардың жылда жазғы маусымдарда ұшатынын айтқан жөн. Бұл сапарлардың мақсаты, туристерді тікелей демалыс орындарына жеткізу. Құны да қалыпты сапарларды төмендеу келеді. Саяхат агенттіктері көбінесе чартерлік сапарлар мен демалыс орындарын бірлестіріп, біріктірілген жолдама сатады. Осы сапарлар 1 маусымға дейін тоқтатылды. Ал оның қашан басталатынын алдағы уақытта құзырлы органдардан мәлімдейтін шығар. 

Ал ҰШАҚТАР ҚАЛЫПТЫ ҰШЫП ЖАТЫР. Түркияға кіретін әрбір азамат ПТР сынамасының теріс нәтижесін көрсетуге тиіс. Бұл жағдайдан тек транзиттік жолаушылар мен балалар босатылған. Түрік демалыс орындары жұмысын жандандырған. Елде «қалыпты өмірге оралу» үдерісі басталды. 1 маусымнан бастап шектеу щараларының басым бөлігі алынып тастау көзделген. Алайда елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай өзгеріс енуі мүмкін.

Айта кетерлігі, Түркияда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктің көрсеткіші 10 мыңнан астам. Бұл алдыңғы апталармен салыстырғанда едәуір төмен. 

Италия билігі Ұлыбритания, Израиль мен Еуроодақ елдерінен келген демалушыларға қатысты 5 күндік карантинді алып тастады. Бұл шара жазғы туристік маусымды қолдау мақсатында қолға алынып отыр. Десе де, АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Канада мен Жапония азаматтары Италия аумағына енуі үшін теріс нәтижелі ПТР тест ұсынуы керек.

Арис Мандатакис, Грекиядан келген турист:

- Керемет жаңалық. Енді оқшауланудың еш қажеті жоқ. Елге келген бетте бірден қалаған жеріңе бара аласың.

Осы аптадан бастап Португалия Еуропаның біраз еліне шекарасын ашып, туристерді қабылдай бастады. Ал келесі аптада Черногория әлемнің барлық елдерінен саяхатшылар қабылдай бастайды. Ал кейбір мемлекеттер керісінше шекарасындағы бақылауды күшейтуге мәжбүр. Мәселен, туристер арасында танымал Мальдив аралы Оңтүстік Азия мемлекеттерінен ешкімді ішке кіргізбейді.

Өйткені мұнда вирустың қос мутацияға ұшыраған үндістандық штамы анықталған. Осы ретте Қазақстанның әуе компаниясы 31 мамырға дейін аралға сапарларды уақытша тоқтату шешімін қабылдады. Негізі мұнда мыңға жуық Қазақстан азаматы бар. Олар арнайы рейспен елге оралады.