Израиль – Палестина қақтығысы: 63 бала құрбан болды

Израиль әскері мен ХАМАС ұйымының арасындағы әуе және зымыран шабуылы толассыз жалғасып жатқанына 10 күнге таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқан палестиналықтар саны 215-ке жетті. Арасында 61 бала мен 36 нәзік жан бар. 1400-ден астамы жарақат алған. Ал Израиль билігі 12 азаматының қайтыс болғанын хабарлады. Олардың екеуі – бала.

Саяси тартыстан, қарулы қақтығыстан жанжалдасқан екі жақтың жұрты бірдей жапа шегіп отыр.

Сарит Уайзман, Израиль тұрғыны:

- Суға түспек болып, басыма сусабын тамызғаным сол еді, дабыл қағылды. Басымды сүртпей, сол қалпы бомбадан қорғайтын бөлмеге қарай жанұшыра жүгірдім. Қатты шошып кеттім. Оның үстінен 3 айлық баланы көтеріп жүргенім және бар.

Давид, Израиль тұрғыны:

- Дабыл қағылған бетте біз 15 секунд ішінде бомбапанаға жетіп, ішке кіріп үлгеріміз керек. Мына жерге соңғы 6 күнде 60 рет тығылған шығармыз. Тіпті күні бойы шықпай, осында ұйықтаймыз.

Ал Палестинада бомба тасталатынын ескертетін дабыл жүйесі мен паналайтын орындар жоқ.

Халил, Газа тұрғыны:

- Израиль әскерінің әуе шабуылдарынан барлық қызмет көрсету жүйесі істен шықты. Электр және интернет желілері мен су құбыры бұзылып, телекоммуникация үзілді. Бұларды қашан, қалай қалпына келтіреді деген сұрақты ойлайтын да шама жоқ. Құтқарушылар жапа шеккендерге көмек көрсету үшін зақым келген жерге жылдам жете алмай отыр.

Таяу Шығыстағы шиеленіс медицина қызметкерлерінің жұмысын тым ауырлатты.

Маруан Абу Сада, операция бөлімінің меңгерушісі:

- Бүгінде Газа секторында дәрігерлер қос майданда жүргендей. Бір жағынан коронавируспен күресіп әлек. Екінші жағынан қақтығыстың салдарынан жапа шеккендерге медициналық көмек көрсетіп жүр. Қайсысына үлгеретінін білмей дал. Жансақтау бөлімінде небәрі 10 орын бар. Оған қауіпті індеттен емдеу үшін науқастарды жатқызған еді. Енді осы жерде тек Израиль шабуылдарынан жарақат алғандарды емдеп жатыр. Дәрі-дәрмек тапшылығы жығылғанға жұдырық болды. Ауруханаларға тоқ беретін генераторларға жанармай да жетіспей жатыр.

Келісім жоқ жерде керіс бар. Екі ел арасында тұтанған отты бейбіт халық бейбіт жолмен сөндіруді қалайды.

Наварро, Израиль тұрғыны:

- Ушыққан жағдайды әскери күшпен реттеуге келмес екені айдай анық. Бәрі бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Әсіресе Газадағы жағдай тіптен мүшкіл. Гуманитарлық ахуал өте ауыр. Палестина тұрғындарын таза ауыз су мен электр жарығына зәру.

Имад, Газа тұрғыны:

- Палестинаның үздіксіз қиратылып жатқанына 15 жылдан асты. Осы қақтығыстың шешімі мүлде табылмай келеді. Салдарынан біз секілді бейбіт адамдар жапа шегіп отыр.

Миржам Ли Мюллер, «Қызыл крест» халықаралық ұйымы кеңсесінің директоры:

- Қос тарап Халықаралық гуманитарлық заңның талаптарын ұстанса игі. Яғни ұрыс кезінде азаматтық инфрақұрылым нысандарын қиратып, бейбіт тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне күш көрсетуді доғару керек. Бірақ қазіргі жағдай өте қорқынышты.

Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...