ЕО Израиль мен Палестинаны атысты тоқтатуға шақырды

Еуропалық одақ Израиль мен Палестинаны екі жақты қарулы қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәрі құрлық елдері бірлестігінің 26 мүшесі Брюссельде шұғыл видео-конференция өткізіп, Газаға берілетін гуманитарлық көмек көлемін арттыру туралы шешім қабылдады. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель сөз арасында ХАМАС пен басқа террористік ұйымдардың Израильді зымыранмен атқылауын айыптаймыз және Израильдің қорғануға құқығы бар деді. Оның бұл мәлімдемесін Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто біржақты деп айыптады. Сонымен қатар Боррель Таяу Шығыс бойынша «төрттіктің» жұмысын жандандыру қажеттігіне тоқталды. Бітімгерлер төрттігіне Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ, АҚШ және Ресей кіреді.

Жозеп Боррель, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Зорлық-зомбылықтың барлық түрін тез арада тоқтату және оқ атпау режимін енгізу басым бағыт болуы тиіс. Мақсат – бейбіт тұрғындарды қорғап, Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге жол ашу. Шейх-Джаррах және Шығыс Иерусалимнің басқа аудандарындағы палестиналық отбасыларды күштеп көшіру үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес мұндай іс-әрекеттер заңсыз және жағдайды ушықтыратынын тағы да ескерткім келеді.