Үндістанда дауылдан жергілікті жұрт далада қалды

Апта басында басталған Тауктае дауылы бірер күнде үнді елін  есеңгіретіп тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нөсер жаңбырдан тұрғын үйлерді су басып, қала көшелері көлге айналды. Жиырма шақты азамат қаза тауып, бірнешеуі із-түзсіз жоғалып кетті. Зардап шеккендердің қатары мыңнан асады.

Апта басында Үндістанның батыс жағалауында соққан дүлей дауыл елдің есін шығарды. Желдің күшті болғаны сонша, жолындағының бәрін жайпап, бірнеше штаттарда ойран салды. Тұтас ғимараттардың ойраны шыққан.

Бірінің қора-қопсысы жермен жексен болса, тағы бірінің баспанасы қирады. 200 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ол үшін құтқарушылар мен әскерилер тартылған. 

Ганшам, ауыл басшысы:

- Циклон туралы ескерту түскен бетте бірден іске кірістік. Маған қарасты екі елді мекен бар. Дауыл қаупіне байланысты осы екі ауылда тұратын 110 адамды эвакуацияладық.

Биіктігі бірнеше метрге жеткен мұхит толқындары мен төпелеп жауған нөсерден қалаларды су басты. Қатты желден көшедегі электр сымдары үзіліп, ағаштар құлады. Аймақта көлік қозғалысы шектелген. Бірнеше әуежай да жұмысын тоқтатты.

Дауылдың кесірінен өңірлерде коронавирусқа қарсы екпе ектіру ісі де тоқтап қалды. Циклонға дейін де шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатқан емханалар күшейтілген режимге көшті. Әйтсе де, сейсенбінің кешінде Тауктае дауылы бәсеңдей бастады. Қазір мамандар табиғат апатынан келген шығын мөлшерін есептеп жатыр.