Мексикада мектептердің қашан ашылатыны мұғалімдердің вакцина қабылдауына байланысты

Мексика билігі аймақтағы мектептерді маусым айында ашу үшін мұғалімдерді вирусқа қарсы егуді мықтап қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоспар бойынша алдағы екі аптада 3 млн-ға жуық ұстаз вакцина қабылдауы тиіс. Ол үшін ел аумағы бойынша қосымша екпе егу орталықтары ашылды. Діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін Мексиканың денсаулық сақтау министрілігі қытайлық CanSino препаратын таңдаған. Оның өзгелерден ерекшелігі вакцинаның 1 ғана дозасы егіледі. Осылайша, билік өкілдері оқушылардың сапалы білім алуы үшін мектеп қабырғасына оралудың маңыздылығын айтып, ұстаздардың да қауіпсіздігіне баса мән берген.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

– Оқушылардың барлығы партаға қайта отыру керек. Мектептердегі оқу үрдісін жандандыруымыз қажет. Бұл балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды.

Йесика Брионес, мұғалім:

– Биліктің біздің жағдайымызды ойлап отырғаны қуантады. Біз балалармен ғана емес, ата-аналармен де қарым-қатынасқа түсеміз. Ұстаздардың вакцина қабылдауы отбасы мүшелері үшін де маңызды.