Әлемде коронавирусқа қарсы 1,5 млрд екпе жасалды

Салынған вакцина саны бойынша бірінші орында Қытай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы көрсеткіш жарты миллиардқа тақап қалды.

Алайда кейбір елдерде вакциналау науқаны ақсап тұр. Солардың қатарында Украина бар. Осы олқылығы үшін Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. 

***

Қытайда бір күнде салынатын екпе саны 20 миллионға дейін жетуі мүмкін

Қытайда коронавирусқа қарсы вакцинаның шамамен 422 миллион дозасы салынған. Сөйтіп, мемлекет бұл көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында тұр. Қазір мұнда күніне шамамен 14 миллион екпе егіледі. Сарапшылар бұл өте жақсы көрсеткіш екенін айтады. Алайда көрші мемлекет мұнымен де тоқтап қалмақ емес, вакциналау қарқынын ары қарай да арттыруға ниетті. Сөйтіп, жыл соңына дейін қытай халқының 87%-і препаратпен қамтылуы тиіс деген болжам бар.

Шао Имин, Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі:

- Вакциналауды арттырып келеміз. Бізде препарат қоры жеткілікті. Қазір тәуліктік көрсеткіш 10 миллионнан асады. Бұл – әлемдік рекорд. Бірақ біз болашақта бір күнде салынатын екпе санын 20 миллионға дейін жеткізуге ниеттіміз. Екпе егу бойынша кейбір өңірлерімізде тіптен ұжымдық иммунитетке қажетті көрсеткішктен асып кеттік. Жыл соңына дейін басқа аймақтар бойынша да осындай жетістікке жетеміз деп ойлаймын.

***

Украинада вакцина үшін министр қызметінен айырылды

Ең көп екпе егілген мемлекеттер бойынша алғашқы бестікке Қытайдан бөлек АҚШ, Үндістан, Бразилия мен Ұлыбритания кіреді. Бірақ кей елдерде бұл науқан жөнді нәтиже көрсетпей отыр. Солардың бірі – Украина. Мұнда халық саны 41 миллионнан асады.

Алайда осы күнге дейін елге екпенің тек 2 миллион 300 мың дозасы ғана жеткізілген. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі қызметінен айырылды. Жоғарғы Рада депутаттары Максим Степанов өз міндетін дұрыс атақа алмады деген пікірде.

***

Ресейде алдағы уақытта төртінші екпе өндіріске шығарылады

Сарапшылар Ресейде де вакциналау науқанының баяу жүріп жатқанын айтады. Мұнда препараттың екі дозасын қабылдағандар саны 10 миллионға жуықтайды. Бұл халықтың шамамен 7%-і. Мамандар «екпе бәріне жетеді» дейді. Бірақ оны салдыруға ниет білдіретіндер аз көрінеді. Қазір бұл ел коронавирусқа қарсы 3 түрлі вакцина жасап шығарған. Алдағы уақытта «Спутник Лайт» атты бір компонентті төртінші препаратты өндіріске шығару жоспарланып отыр.

Владимир Круглый, РФ Федерация кеңесінің әлеуметтік саясат жөніндегі комитетінің мүшесі:

- «Спутник Лайт» вакцинасы кімдер үшін пайдалы деген сауалға былай жауап беруге болады. Ол екпе салдырып үлгермей жатқан мемлекеттер үшін қажет. Мысалға Үндістанды келтіруге болады. Мұнда вирус өте жылдам тарап барады. Сондықтан індеттің бетін қайтару үшіен бір компонентті екпенің көп пайдасы тиер еді.

***

Филиппинде тұрғындарға екпе түрін таңдауға тыйым салынды

Екпе демекші, Филиппин президенті тұрғындарға препаратты өз бетінше таңдауға тыйым салды. Қазір елде бірнеше вакцинаны қолдануға рұқсат берілген. Алайда ауқатты тұрғындар «Файзер-Байонтек» екпесін көп таңдайды екен. Осыған байланысты қаталдығымен танымал мемлекет басшысы бұл мәселеде теңсіздікке жол бермейтінін мәлімдеді

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы