Ресейде аптап ыстықтан 83 орман өрті тіркелді

Ресейде аптап ыстық салдарынан 83 орман өрті тіркелді. Тілсіз жау 26 мың 500 гектар жерді шарпыған. 

Ақпарат көздері оңтүстік Сібірдегі жағдай ең күрделі екенін хабарлайды. Онда 22 өрт ошағы тіркелген. Қазір аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал 44 мың гектар алқапқа жайылған Түмендегі орман өртін мамандар 2 күнен кейін сөндірді. Қызыл жалынмен күресу үшін 2600-ден астам адам мен 1200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Болжам бойынша аймақтағы аптап әлі де сақталады. Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы 32 градус ыстық болады деп отыр.

Дагестан, Астрахань мен Калмыкия тұрғындарын құмды дауыл әбігерге салды. Кей өңірлерде көтерілген желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.  Салдарынан ағашттар құлап, ғимараттарға зақым келген. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше табиғаттың тосын мінезінен бірнеше адам зардап шекті.