Үндістандағы Ганг өзенінен мыңнан аса мәйіт табылды

Үндістандық штам қауіпке айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мутация біраз елден анықтала бастады. Соңғы дерек бойынша Кипр мен Африкадағы Зимбабведен табылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың бұл түрін қауіпті штамдардың тізіміне қосты. Ал Үндістанның өз басында жағдай қиын. Коронавирустың дес бермей тұрғаны аздай, енді «қара зең» ауруы өршіген.

Оның үстіне тропикалық дауыл ойран салып, ондаған адам жоғалып кетті.

«Қара зеңнен» әзірге адам өлгені жайлы дерек жоқ. Бірақ мамандар бұл өте қауіпті ауру екенін ескертіп отыр.

Қос мутацияға ұшыраған үндістандық штамм әлемнің 50-ден аса елінде анықталды. Үндістанның өзінде одан соң Ұлыбританияда осы дертті жұқтырғандар көп. Мұнда науқастардың 6 процентінен вирустың осы түрі анықталып жатыр. Бұл штамм өзгелеріне қарағанда тез жұғады. Үндістандағы ахуалдың ушығуының бір себебі де осы. Мұнда кешелі бері, яғни бір тәулік ішінде 4 жарым мыңнан аса адам коронавирустан көз жұмды. Сарапшылар қайтыс болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Марқұмның денесін өртеуге шамасы келмегендер мәйітті үндістер үшін қасиетті Ганг өзеніне апарып, суға ағызып жіберіп жатыр. Жергілікті ақпарат құралдары кейінгі 2 аптада судан мыңнан аса адамның денесі табылғанын хабарлайды. Бірақ олардың барлығы коронавирустан көз жұмды ма, жоқ па бұл жағы беймәлім. Өйткені тұрмысы нашар тұрғындардың арасында тест тапсырып жатқандары аз. Біреулер жансыз денелерді суға тастап жатса, біреулер оларды өзен жағасына жерлеп жатыр. Бірақ көбі қабірді терең қазбайтын көрінеді. Салдарынан Праяградж қаласының шетінде су жағасында адамдар жерленген 300 төмпешік пайда болған.

полиция офицері:

– Марқұмдардың денесін Ганг өзенінің жағасына жерлеу бұрыннан бар дәстүр. Алайда қазіргі жағдайда оған тыйым салынады. Сондай-ақ суға да тастауға болмайды. Марқұмдардың туыстары олардың денесін өздерінің туған жерінде жерлесін не болмаса крематорийлердің көмегіне жүгінуі тиіс.

 

Нью-Делидегі 100 вакциналау орталығы жабылды

Елдегі ахуалдың ушығуының тағы бір себебі вакциналауға байланысты. Әлеуметтік желіде екпеге қатысты жалған ақпарат таратушылар көбейген. Мысалы, үнді халқының өзгелермен салыстырғанда иммунитеті күшті деген ақпар пайда болған. Сондықтан вакцина салдырудың қажеті жоқ деген қаңқу сөз тарады. Оның үстіне қазір елде вакцина жетіспей жатыр. Жергілікті ақпарат құралдардарының хабарлауынша, осы себепті ел астанасы Нью-Делиде кемі 100 екпе салдыру орталығы жабылып қалған екен.

Манодж Кумар, жергілікті тұрғын:

– Мен бүгін екпенің екінші дозасын алуым керек елді. Алайда вакциналау орталығы жабық тұр. Енді қашан ашылатынын білуім керек. Менінше басқа орталықты іздестіргенім дұрыс болар.

 

«Қара зең» ауруына байланысты эпидемия жарияланды

Үнді халқы үшін «жығылғанға жұдырық» дегендей, тағы бір қауіп пайда болды. Билік бар күшті коронавируспен күреске жұмылдырып жатқанда, елде мукормикоз белең алды. Бұл ауруды ел арасында «қара зең» деп те атайды. Раджастанда осы дерт 100 адамнан анықталған. Сондықтан елдің екі штатында эпидемия жарияланды. Мамандар дертке коронавирустан жазылған азаматтардың шалдығуы жиілегенін айтады. Бұл вирусты емдеу кезінде қолданылған күшті дәрілердің әсерінен болуы мүмкін деген де болжам бар. «Қара зеңге» шалдыққандардың мұрны бітеліп, қан білінеді. Көздері ісіп кетеді. Кейбірінің көру мүмкіндігі нашарлап, зағип болып қалуы да мүмкін. 

Ужжвал Парах, пульмонолог:

– Бұл ауруды емдейтін зеңге қарсы препараттар бар. Кейде хирургиялық тәсіл де қажет болады. Тұрғындардың медициналық көмекке неғұрлым ертерек жүгінгені дұрыс. Коронавирус ауыр формада өтетін науқастарды емдеу кезінде көп мөлшерде стероидтар қолданылады. COVID-19-бен ауырып шыққандар арасында мукормикозға шалдығу деректерінің көбеюінің себебі осы болуы мүмкін.

Дәрігер:

– Менің туысым жақында коронавирустан айығып шыққан еді. Оның тапсырған тесті теріс нәтиже көрсетті. Бірақ 3-4 күннен кейін басы ауыра бастады. Сосын тіптен көзі көрмей қалды. Оның мукормикозға шалдыққаны анықталды. Ауру тез тарап барады. Сондықтан туысымызға операция қажет.

 

Дауыл қайта соғуы мүмкін

Бұл аздай, осы аптада елде елде тропикалық дауыл соғып, елдің есін шығарды. 100-ден аса адам опат болған. Желдің жылдамдығы сағатына 185 шақырымға дейін жеткен еді. Қазір аздап бәсеңдеген. Алайда 50 шақты адам әлі табылмай жатыр. Олар мұнай мұнарасынан қызметкерлерді әкеле жатқан баржаның аурударылуы салдарынан жоғалып кеткен. Ал мамандар Бенгал шығанағында тағы бір дауыл пайда болғанын айтады. Соның салдарынан алдағы күндері Үндістанның шығысында қайтадан күшті жел тұруы мүмкін деген болжам бар. Алдыңғы дауыл онсызда вакциналау жұмыстарына кедергі болған еді. Сондықтан мамандар қайта дауыл соқса, жағдай одан әрі қиындай түседі деп қауіптеніп отыр.