Еуропалықтардың бестен бірі вакцинаны толық салдырды

Еуропалық Одақ Pfizer-BioNTech компаниясымен коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу бойынша үшінші келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еурокомиссия бұған дейін 2 рет шартқа отырып, 600 миллион дозаға тапсырыс берген еді. 2023 жылға дейін вакцина көлемі 1 миллиард 800 миллион дозаға жетпек. Жалпы Еуропада вакциналау науқаны қарқын алып келеді. Мамандар бұл жаз мезгілігінің қарсаңындағы оңды үрдіс деп бағалады. Естеріңізге сала кетейік, ЕуроОдақ 2 миллиард 600 миллион дозаны жеткізу үшін 6 вакцина өндірушімен келісімшарт жасасқан.

Стелла Кириакидес, Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі еурокомиссар:

− Еуроодақта апта сайын коронавирусқа қарсы 20 миллионнан астам екпе салынады. Салыстыру үшін айтсақ, қаңтарда бұл көрсеткіш бірнеше жүздеген мың дозаға жетті. Препаратты өндіру және жеткізу ісіне байланысты вакциналау қарқыны арта бермек. Сондықтан болашаққа үлкен үмітпен қарай аламыз. Сақтық та қажет. Себебі жаз келе жатыр. Еуроодақтың ересек тұрғындарының 40 проценті алғашқы дозаны салдырды, ал 17 проценті вакцинаны толық алды.