Аргентина: карантин талаптары күшейтіледі

Аргентина президенті Альберто Фернандес аймақтағы карантиндік талаптарды қатаңдатпақ ниетте.

Биліктің бұл шешіміне елдегі  эпидахуалдың ушығуы себеп болды. Мәселен соңғы күндері ел аумағы бойынша тәуліктегі көрсеткіш 40 мыңға жуықтап, рекорд орнады. Шектеу шаралары ертеңнен бастап күшіне енеді және мамыр айының соңына дейін жалғасады. Жаңа талаптарға сәйкес, аймақтағы мектептер мен кейбір компаниялардың жұмысы уақытша тоқтатылып, барлық әлеуметтік, спорттық және қоғамдық іс-шаралардың ұйымдастырылуына тыйым салынады. Ал тұрғындарға өз үйлерінен таңғы сағат алтыдан кешкі алтыға дейін ғана сыртқа шығуға рұқсат етілді.

 Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

- Шектеу шараларының тұрғындарға оңай соқпайтыны белгілі. Алайда қазіргі жағдайды ескеретін болсақ, індетті тежеу үшін карантиннен басқа амал жоқ. Тіркеліп жатқан өлім-жітім мен науқас санын қалыпты жағдай деп қабылдағым келмейді.