Пандемия кезінде әлемде 700 миллиардер пайда болды

«Файнэншл Таймс» басылымы миллиардерлер дәулетінің сол елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесін көрсететін рейтинг құрған.

Сөйтіп, бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында Ресей тұр. Мұнда ауқатты адамдардың байлығын қосқандажалпы ішкі өнімнің 35 проценті шығады екен. Алғашқы бестікке тағы Швеция, Үндістан, АҚШ пен Франция кірді. Америкада Джо Байден президенттігінің алғашқы 100 күні ішінде ең бай тұрғындардың дәулеті 195 миллиард долларға артқан екен. Сонда пандемияға қарамастан ауқаттылар қатарының артуына не себеп деген сауал туындайды. Сарапшылар мұны қор нарығындағы өсіммен байланыстырады. Сондай-ақ пандемия кезінде технологиялық алпауыт компаниялардың өнімдеріне сұраныс артқаны белгілі. Нәтижесінде әлемнің ең ауқатты 10 адамының алтауы осы саламен айналысатын кәсіпкер болып шықты. Мәселен, жаһандағы ең бай адам саналатын Амазон компаниясының негізін қалаушы Джефф Безостың дәулеті бір жыл ішінде 113 миллиардтан 177 миллиард долларға дейін артқан екен. Францияның ең бай адамы Бернар Арно да әл-ауқатын жақсартқан. «Луи Виттон» компаниялар тобының басшысы пандемия кезінде люкс класты өнімдерге сұраныстың артуы есебінен осындай жетістікке жеткен. Бірақ қымбат заттарды сатып алушылар бәрі күткендей АҚШ пен Еуропада емес, Қытай мен Оңтүстік Корея секілді Азия елдерінде көп болып шықты.

Ручир Шарма, Morgan Stanley өкілі:

- Бұған дейін миллиардерлер дәулетінің екі есе артуы үшін 20 жыл уақыт кеткен еді. Алайда былтыр небәрі бір жыл ішінде ауыз толтырып айтатындай көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болды. Бұл керемет емес пе?

Пандемия кезінде тек технологиялық алпауыттар ғана табысқа кенелген жоқ. Олардың қатарында фармацевтикалық компаниялар да бар. Сөйтіп, миллиардерлер тізімі вакцина жасауға қатысы бар 9 жаңа адамның есімімен толықты. Көп ақша тапқандар қатарында американдық Модерна, Америка мен немістің Файзер-Байонтек компаниясы, сондай-ақ қытайлық екпе өндірушілер бар. Миллиардерлер тізімінде бұрыннан болған фармацевтикалық сала өкілдері де дәулетін арттырған. Сөйтіп, коронавирусқа қарсы вакцина жасауға қатысы бар 8 адамның байлығы 32 миллиард долларға көбейген. Бірақ сарапшылар екпе өндірушілер қазіргі жағдайда баюдың қамын емес, препараттың бәріне бірдей қолжетімді болуын ойлауы керек дейді.

Анна Марриотт, Oxfam өкілі:

- Бұл вакциналар мемлекет қаражаты есебінен қаржыландырылды. Олар қара бастың қамы үшін жасалған жоқ. Сондықтан препараттар ғаламдық қоғамдық игілік болуы тиіс. Біз шұғыл түрде монополияны тоқтатып, екпе өндірісін арттыру арқылы бүкіл әлем халқын вакцинамен қатмтамасыз етуіміз керек. Себебі монополистердің кесірінен әлі күнге дейін препаратқа қол жеткізе алмай отырған елдер бар.

Пандемия кезінде технологиялық компаниялардың өнімдеріне, люкс санатты бұйымдар мен вакцинаға ғана сұраныс артқан жоқ. Соңғы уақытта қымбат яхталар көп сатыла бастаған. Оларды қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіні түсінікті. Сондықтан су көлігін негізінен ауқатты адамдар сатып алады. Коронавирусқа байланысты шектеулер салдарынан көп елдің шекарасы жабық тұр. Осы ретте бай-бағландар демалысын ойдағыдай өткізу үшін теңізбен саяхаттауды жөн санайды. Сөйтіп 2021 жылдың алғашқы 4 айында қалталы азаматтар кеме сатып алуға 1 миллиард доллардан аса ақша жұмсаған екен.

Жалпы сарапшылар коронавирус байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті арттырып жібергенін айтады. БҰҰ-ның мәліметі бойынша пандемия салдарынан 120 миллион адам кедейлік қамытын кииген. Енді түрлі ұйым өкілдері ауқаттыларға салынатын салық мөлшерін көтеруді ұсынып отыр. АҚШ Президенті Джо Байден де осындай көзқараста. Бұл ретте Ақ үй басшысы жылдық табысы 400 мың доллардан асатын азаматтарға салықты арттыру бастамасын көтеріп отыр.

Сондай-ақ...