Қытайда бірнеше рет жер сілкінді

Соңғы бір тәулікте Қытайда қатарынан бірнеше рет жер сілкінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы зілзала елдің оңтүстік-батысындағы Юньнан өңірінде болған. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, жұма күні кешке 1 жарым сағат ішінде мұнда 20-дан аса жер асты дүмпуі тіркелді. Олардың күші Рихтер бағамымен 2,8 балдан 6,4 баллға дейін жеткен. Зілзала салдарынан 3 адам қаза тауып, 27 жергілікті тұрғын жарақат алды. Осыдан бірнеше сағат өтісімен елдің солтүстік батысындағы Цинхай өңірінде күші 7,4 баллға жеткен зілзала болды. Бұл халық тығыз қоныстанған аймақ. Әзірше мұндағы жер сілкінісінен қандай зардап түскені туралы ақпарат жоқ. Қазір табиғи апатқа ұшыраған аймақтарда құтқару жұмыстары жүріп жатыр.