Мигранттар Африкадағы испандық Мелилья анклавына басып кіруге тырысты

70-ке тарта мигрант Солтүстік Африкадағы испандық Мелилья анклавына басып кіруге тырысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жергілікті полиция бұл әрекетке жол берген жоқ. Бір топ адам тікенді сым оралған биік дуалдан асып өтпек болған кезде қалғандары тәртіп сақшыларына тас пен шөлмек лақтырған. Бұған дейін 8 мыңдай босқын Африканың солтүстік жағалауындағы испандық Сеута анклавына өтіп кеткен еді. Олардың 1500-і жасөспірім. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, қысқа мерзімде осыншама көп мигранттың келуі бұрын-соңды болмаған. Олардың көбісі уақытша лагерьлерге орналасты. Жағдайдың ушығуына жол бермес үшін шекараны күзетуге әскери бөлімдер тартылды. Испанияның Солтүстік Африкада екі ірі Сеута және Мелилья анклавы бар. Бұл елді мекендер құрлықта Мароккомен шекаралас.