427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда «Астана» кафесі ашылды

  • 158
  • UPD: 22:38, 22.05.2021
Оңтүстік Кореяда «Астана» кафесі ашылды

«Астана». Бұл Сеулден 50 шақырым қашықтағы Хвасон қаласында жұмыс істейтін кафе атауы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәмхананы жергілікті тұрғын Сон Джу Дон ашқан. Ол Қазақстанға сапарлап қайтқаннан кейін осындай шешімге келген. 2018 жылы кәріс азаматы елорда мен Алматыға турист ретінде барады. Қазақстанның астанасы Сон Донды тәнті етті. Ол Бейбітшілік және келісім сарайы, Хан-Шатыр мен басқа да көрнекі жерлерді суретке түсіріп алыпты. Қазір елордадағы «Пирамида» кафеге кіреберісте тұр. Кореядағы Қазақстан елшілігі дәмханаға ұлттық реңк беру мақсатында кәсіпкерге жүзге жуық кәдесый мен суреттер сыйға тартты. Хвасонда танымал кафеге күніне бір жарым мыңға тарта адам келеді. Жұртқа дәмхананың тәттілері ұнайтын көрінеді. Сон Джу Дон «Астана» мәзіріне бірнеше қазақ тағамдарын қосуды жоспарлап отыр. Дәмханада балаларға арналған ойын алаңы, кітапхана және демалу бөлмесі бар. Кәсіпкер ауласында бақ ашып, Қазақстанның бидайы мен алмасын да егіпті.

Сон Джу Дон, компания президенті:

- Мен электроникаға қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорында жұмыс істедім. Бұл жерде зауыт болған. Қазір қызмет көрсету саласына бет бұрдым. Концепцияны жасау кезінде қиындық болды. Оған екі жарым жыл уақыт кетті. Құрылысқа және интерьерді жасауға тағы бір жыл қажет болды. Ол жобаға шамамен 450 мың доллар инвестиция жасадым. Қазақстан елшілігі ұсынған кәдесыйларды қабырғаға іліп, біразын үстелдерге қоямыз. Бұл келушілерге Қазақстан туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы