Үндістанда тұрғындар «жедел жәрдем» орнына науқастарды ауруханаға тасымалдап жүр

Үндістанда эпидемиологиялық ахуал ушығып кеткені белгілі. Қазіргі кезде күн сайын бұл елде 250 мыңдай науқас анықталады.

Ауруханаларда орын жетіспей, жедел жәрдем көліктері науқастарды тасымалдауға үлгірмей жүр. Осындай қиын-қыстау кезеңде Мумбай қаласының кейбір тұрғындары көршілеріне көмектесіп, жеке көліктерімен клиникаларға жеткізетін болған.

Жанашыр кісілердің бірі Даттарая Савант пандемия басталғанға дейін мектепте ағылшын тілінен сабақ берген еді. Індеттің кесірінен оқу орындары уақытша жабылғандықтан Савант өзінің авторикшасын жедел жәрдем көлігіне айналдырды. Осы кезге дейін талай адамды ауруханаға тегін жеткізді.

Санкет Борде, Мумбай қаласының тұрғыны:

- Мен ковид дертін жұқтырып алғанда әкем ауруханаға телефон соғып, көмек сұраған. Алайда оларда бос жедел жәрдем көлігі болған жоқ.  Сонда бізге жақын тұратын Даттарая бірден келіп, мені ауруханаға жеткізді.

Даттарая Савант, Мумбай қаласының тұрғыны:

- Ғалым немесе жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болсын, жалғыз адам коронавирусты жеңе алмайды. Алайда бәріміз жұмыла еңбек етсек, Үндістанда ғана емес, бүкіл әлемде вирусты жоя алатынымызға күмәнім жоқ.