Италияның Сицилия аралында «Этна» жанартауы қайта атқылады

Жексенбіге қараған түні одан лава ағылып, күлден құралған бұлт бір шақырым биікке көтерілді.

Күл таудың оңтүстік етегіндегі шағын елді мекендерге жетті. Биіктігі 3 мың 300 метрден сәл төмен «Этна» – Еуропа құрылығындағы ең ірі жанартау. Соңғы рет биыл ақпан айында оянған ол сол кезден бері дүркін-дүркін атқылап тұрады. Минералдарға бай жанартаудың маңындағы жер құнарлы болғандықтан, бұл аймақта халық ежелден тығыз қоныстанған. Әдетте «Этнаның» белсенділігі халыққа қауіп төндірмейді. Тіпті жергілікті тұрғындар оны «жылы шырайлы жанартау» деп те атайды. Алайда мамандардың пікірінше, «Этнаның» әрекеті соңғы кезде өзгеріп келеді. Бұрын жанартаудан лава жер бетіне баяу ағып, газдар аз бөлінсе, соңғы кезде ол жиі жарылатын болды.