Коронавирус: Малайзияда жансақтау бөлімдері 91 процентке толған

Малайзия үкіметі коронавирус індетінің дендеп кетуіне байланысты санитарлық шектеулерді одан әрі күшейтетінін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптаның басында бұл елде үшінші рет локдаун жарияланған болатын. Алайда мамырдың 19-ынан бастап күн сайын 6 мыңнан аса науқас анықталып жүр. Осыған дейін бұл көрсеткіш 4 мың төңірегінде болатын. Малайзия денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жансақтау бөлімдері 91 процентке толып кетті. Жаңа ережелер бойынша, қоғамдық ұйымдар қызметкерлерінің 80 проценті, ал жекеменшік салада еңбек ететіндердің 40 проценті үйінде жұмыс істеуі тиіс.

Дүкендер мен сауда орындары сағат таңғы 8:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Бұл шаралар 25 мамырдан бастап күшіне енеді.

Жалпы, Малайзияда коронавирусты жұқтырған адамдардың саны 505 мыңнан асып кетті. Ал бұл дерттен 2 мың екі жүздей адам көз жұмған.