425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бағыты Вильнюс еді: NEXTA-ның бас редакторы мінген ұшақ Минскіге қондырылды

  • 161
  • UPD: 12:37, 24.05.2021

Күні кеше Беларусьте болған жағдайды әлем елдері қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан Ryanair компаниясының ұшағы Минскіге қонды. Президент Лукошенконың бұйрығымен қос қанатты көліктің артынан зымырандармен мұздай қаруланған МиГ-29 жойғыш ұшақтары ілескен. Жергілікті биліктің айтуынша, бортта жарылғыш зат болуы мүмкін еді. Алайда кейін бұл ақпарат расталмады. Әуе кемесінің ел астанасына қонуының енді бір себебі – рейстегі жолаушылардың бірі. Литваның бас қаласына көпке танымал NEXTA телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы, Александр Лукашенконың режиміне ашық қарсы шыққан Роман Протасевич ұшып бара жатқан көрінеді. Беларусьтің арнайы қызметі оны рейстен қызымен бірге түсіріп алған. Қазір бұл белсенді азаматтар қайда екені белгісіз.

Соңғы уақытта Протасевич мәжбүрлі түрде эмиграцияда болып, Беларусьте оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын айтып кету керек. Журналист жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп және лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп айыпталды.

Павел Латушко, Беларусь дағдарысқа қарсы халықтық басқарма басшысы:

– Дағдарысқа қарсы халықтық басқарма мәліметіне қарағанда, Минск-2 әуежайының диспетчерлері жолаушылар ұшағын атып түсіретінен айтып сес көрсеткен. Осы мақсатта Беларусьтің қарулы күштерінің МиГ-29 ұшағы көкке көтерілген. Бұл мемлекет тарапынан жасалған лаңкестік әрекет екенін көрсетеді. Сол себепті Еуропа елдері мен халықаралық қауымдастық бұған жауап беруі тиіс.

Андрей Гурцевич, Беларусь әскери әуе күштері және әуе қорғанысы күштері қолбасшысының бірінші орынбасары:

– Жолаушылар ұшағының командирі әуе кемесін Минск-2 әуежайының қосалқы алаңына қондыру туралы шешім қабылдағаннан кейін ұшақты қорғау үшін Барановичи әуежайынан МиГ-29 жойғыш ұшақтары көкке көтерілді. Әскери ұшақтардың экипажы оны қадағалап, қажет болғанда Минск-2 әуежайына қону үшін көмектесу туралы бұйрық алған.

Минск әуесіндегі әрекетті ондаған мемлекет пен ұйым қатаң сынға алды. НАТО мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ұшақтың мәжбүрлеп қондырылғанын айтты. Бүгін Еуропалық кеңестің отырысында бұл оқиға жан-жақты талқыланбақ. Ал ресми Лондон болса Минскідегі жағдайдың салдары ауыр болатынын ескертті. Беларусь билігі оқиғаны саясатпен байланыстырып отырған жоқ. Жергілікті тергеу комитеті ұшаққа бомба қойылғаны жайлы жалған ақпарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Хабар 24 телеарнасы