АҚШ-та вакциналау қарқыны екі есе төмендеген

АҚШ президенті Джо Байден 4 шілдедегі тәуелсіздік күніне дейін халықтың 70 процентін вакциналауды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақ үйдегі алғашқы күнінен бастап вакциналауды қолға алып, батыл қадамдарға баратынын да бірнеше рет айтқан еді. Алайда берілген уәдесіне қарамастан, ковид екпесін алушылардың саны соңғы уақытта азайып барады екен.

АҚШ-тағы ересек американдықтардың жартысына жуығы, яғни 128 миллион адам вакцина алған. 12 мен 15 жас аралығындағы жастар да коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы компонентін алуды бастап кетті. Індетті жұқтырғандардың саны тәулігіне 30 мыңға дейін төмендеген. Осылайша елдегі жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді.

Ананд Суаминатан, дәрігер:

– Біздің ауруханамызға бірнеше күннен бері ковидпен ауырған бір де бір науқас келген жоқ. Бұл – былтырғы жылдың наурыз айынан бері болмаған жағдай.

«Алайда қатерлі індеттің таралуы бәсеңдегенімен, босаңсуға әлі ерте», – дейді мамандар. Өйткені вакцина алушылардың саны күннен-күнге төмендеп барады. Елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, екпе егу қарқыны өткен аймен салыстырғанда 50 процентке түскен. Егер сәуір айында бір тәулікте 3,5 миллион вакцина салса, бүгінде бұл көрсеткіш 2 миллионға да жетпей тұр.

Киша Хайслетт, медбике:

– Вакцина алудағы белсенділіктің төмендігі ең алдымен халықтың арасындағы сенімсіздіктен туындап отыр. Сол себепті АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі елді мекендерге барып түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Халыққа вакцинаның тиімді екенін түсіндіру керек.

Вакцина алушылардың белсенділігі Миссисипи, Алабама, Лузиана және Айдахо сияқты штаттарда төмендеген. Ал Вайоминг штатында жағдай тіпті нашар – халықтың 30-ақ проценті ғана вакцина салдырған. Коронавирусқа қарсы препарат алуға құлықсыз болып отырған жастарды ынталандыру үшін кейбір штат ақшалай бонустар мен жеңілдіктер де қарастырып жатыр.

Қатерлі індеттің өршуіне алдағы жаз айлары да тікелей әсер етуі мүмікін. «Күн ысыған кезде вакциналау науқаны бәсеңдесе, тағы бір локдаунның жариялануы әбден мүмкін», – дейді мамандар.

Ашиш Дха, дәрігер:

– Өткен жылға көз жүгіртсек, маусым және шілде айларында ковидпен ауырғандардың саны күрт өскендігін байқауға болады. Неге десеңіздер, ол ауа райының ысуына байланысты. Күннен тығылу үшін адамдар мейрамханалар мен сауда орталықтары сияқты жабық ғимараттардың ішіне ағылады. Ал онда қауіпті індетті жұқтыру қаупі жоғары.

Қазірдің өзінде Делавер, Нью-Йорк, Калифорния және Мичиган сияқты штаттар толықтай ашылып жатыр. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, вакцина алмағандардың саны жаздың соңына дейін азаймайтын болса, бұл өңірлерде ковид індетінің өршу қауіпі бар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров