Әуе компаниялары Беларусьтен ат-тонын ала қашып жатыр

Польшаның «ЛОТ» әуе тасымалдаушысы Минсктегі тосын оқиғаға байланысты Беларусь үстімен ұшуды тоқтатуға дайындықты бастап кетті. Венгрияның «Визэйр» компаниясы да бүгін мемлекетті айналып ұшып жатыр. Әуе сапары Польша арқылы ұйымдастырылған.

Бұған дейін Латвияның «Эйр Балтик» әуе компаниясы Беларусь аумағымен ұшпау туралы шешім қабылдады.

Компания өкілдерінің пікірінше, Беларусь билігінің тосын әрекеті әуе қауіпсіздігі ережелеріне нұқсан келтірді.

АҚШ пен Еуроодақ өкілдері де Беларусь аумағынан ұшуға тыйым салуға шақырып отыр.

Еске сала кетсек, кеше Афиннен Вильнюске бет алған Ryanair компаниясының ұшағы Минскіге қонды.

Беларусьтегі биліктің айтуынша, бортта жарылғыш зат болуы мүмкін еді. Алайда кейін ақпарат расталмады. Әуе кемесінің ел астанасына қонуының енді бір себебі рейстегі жолаушылардың бірі болуы мүмкін. Ұшақта көпке танымал NEXTA телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы, Александр Лукашенконың режиміне ашық қарсы шыққан Роман Пратасевич отырған. Беларусьтің арнайы қызметі оны рейстен қызымен бірге түсіріп алған. Қазір олардың қайда екені белгісіз.

Ондаған мемлекет пен халықаралық ұйымдар Беларусь билігінің әрекетін қатаң сынға алды. НАТО мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы «ұшақ күштеп қондырлығанын», ал Беларусь президентінің қылығы «ақылға қонымсыз және мұндайға жол берілмеуі керек екенін» айтады.

Франция сыртқы істер министрілігінің өкілдері оқиғаны «мемлекеттік қарақшылыққа» теңеді. АҚШ өкілдері Минскте болған оқиғаға қатысты халықаралық тергеуді талап етіп отыр. Беларусьтің өзінде оқиғаны тергеумен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Енді бұл оқиғаға қатысты бүгін Бельгияда Еуропалық кеңестің отырысы өтеді.