Парагвайда табыт жасайтын жұмысшыларға сұраныс жоғары

Қыркүйек айына дейін әлем тұрғындарының 10 процентін вакциналау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус Женевада өткен Денсаулық сақтау жөніндегі бүкіләлемдік ассамблеяның 74-сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Виртуалды ұйымдастырылған іс-шарада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Індетті жеңіп шығып, болашақта олардың алдын алуымыз керек» деген ұран көтерді. Бірақ әзірге әлем елдеріндегі эпидахуал көңіл көншітпей отыр.

Парагвайда коронавирус өршіп, өлім-жітім көбейді. Осыған байланысты жерлеу мекемелері жұмысқа көп адам алып жатыр. Табыттардың бағасы 200-ден 2 мыңға долларға дейін жетеді.

Мигель Зарате, жерлеу бюросының иесі:

– Табыттарға сұраныс артты. Бұл ащы шындық. Күніне 4-5 адамнан тапсырыс түседі. Бірақ осы сұранысты жабу үшін тағы да жұмысшыларды жалдап отырмыз.

Халық саны 7 миллионға жетпейтін Парагвайда, соңғы мәлімет бойынша, ковидтен көз жұмған тұрғындар саны 8 мыңнан, ал жұқтырғандар қатары 330 мыңнан асып кеткен.

Хулио Борба, Парагвай денсаулық сақтау министрі:

– Жансақтау бөлімдері лық толы. Өкінішке қарай, осы аптада науқастар саны өткен аптамен салыстырғанда 31 процентке көп. Эпидахуалға қатты алаңдап отырмыз.

Ал Үндістандағы штаттардың бірі мектептерді коронавирустан емдейтін орталықтарға айналдырды.

Динеш Катле, мектеп директоры:

– Бұл аймақта медицина мекемелері жетіспей жатыр. Науқастар тиісті ем-домды уақытылы ала алмай, қиналады. Ауруханаларда мүлде орын жоқ. Осы себептен біз мектепті ковидтен емдейтін орталыққа айналдырдық.

Маюр Май, Covid-орталық дәрігері:

– Бұл орталыққа келетін науқастардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Олардың тәні ауырса да, жаны жадырап жүр. Себебі бұған дейін олар дұрыс ем ала алмай, қиналатын. Науқастарға үйдегідей сезінсін деп қолымыздан келгенше жағдай жасап отырмыз. Іште шахмат, сыртта бадминтон ойнайды, кітап оқиды.

Чилиде вакцинаның 2 дозасын алған тұрғындар ертеңнен бастап ел ішінде еркін жүре алады. Бұл туралы президент Себастьян Пиньераның өзі мәлімдеді. Бұған дейін аймақтар арасындағы жүріс-тұрысқа шектеу қойылған еді. Бірақ мемлекет басшысының бастамасы қазірден қатаң сынға ұшырап жатыр.

Франциска Крипси, медицина колледжінің президенті:

– Эпидахуал ушығып тұрған қазіргі жағдайда жүріс-тұрысқа еркіндік беру дұрыс емес. Біріншіден, екпені толық алмаған адамдардың да қозғалысына ерік беріп, вирустың таралуына мүмкіндік жасайды. Екіншіден, вакцина салдырғандар сақтық шараларын ұмытып, еркінсіп кетуі мүмкін.

Испанияда баспанасыз тұрғындарды егу науқаны басталды. Ел астанасы Мадридте қазірдің өзінде 300 адам вакцина салдырған. Еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар үйі жоқ адамдарды осал топқа жатқызу керек деген талап қойған. Себебі олардың бетперде және басқа гигиена заттарын алуға шамасы жетпейді. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Испанияда 30 мыңға жуық баспанасыз бар.

Ернат Мелсұлы