Конгода атқылаған жанартау салдарынан 32 адам қаза тапты

Қаралы хабарды осы елдің Азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ыстық лава үйлерді басып қалып, 9 тұрғын тірідей жанып кеткен. 5 кісі түтінге тұншығып, иіс тиіп көз жұмған. Тағы 14-і жол апатында мерт болыпты. Ұшты-күйлі жоғалғандар арасында 170 бала бар.

Естеріңізге сала кетейік, Конгода Ньирагонго жанартауы 22 мамырда оянып, лава көшкіні 3 ауылды толық басып қалған.

Алине Бичикуебо, жергілікті тұрғын:

– Анам мен әкем құрбан болды. Өзім жетім боп қалдым. Ішім қан жылап тұр. Үйіміз де, барлық дүние-мүлкіміз де күлге айналды. Бізде түк қалмады.

Алумба Сутойе, жергілікті тұрғын:

– Ыстық лаваның лебі әлі сезіліп тұр. Түтін де басыла қойған жоқ. Адамдардың есі шығып кеткен, бәрі аштан бұратылып жүр. Түнде қайда ұйықтарын білмейді. Далада өте қауіпті.