427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құбылмалы ауа райы әлем елдерін әбігерге түсірді

  • 163
  • UPD: 22:10, 25.05.2021

Құбылмалы ауа райы әлем елдерін де әбігерге түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Калифорния тұрғындары аптап ыстық пен қуаңшылықтан зардап шексе, Қытай жұртын су тасқыны мен қар әуре-сарсаңға салды. Ал вирус пен қара зең ауруынан көз ашпаған Үндістанға енді «Яас» циклоны жақындап келеді. Ал Конгода жанартау атқылап ондаған адам қаза тапты.

«ЯАС» ЦИКЛОНЫ ЖАҚЫНДАП ҚАЛДЫ

Үндістанға тағы бір дауыл жақындап келеді. Осыған орай Одиша мен Батыс Бенгалия штаттарының билігі аймақтағы тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Метеоролог мамандар өңірге таяп қалған «Яас» циклонының екпіні артып бара жатқанын айтады. Жоспар бойынша шамамен 140 мың тұрғынды өзге жерге көшіру керек. Бұл шараға 100-ден астам құтқарушылар тобы жұмылдырылды. Синоптиктер мамырдың 26-сы мен 28 аралығында аймақта нөсер жауын мен қатты жел тұрады деп болжайды. Жуырда ғана Үндістанның батыс жағалауында жойқын дауыл ойран салған еді. Ол кезде табиғат апатынан 140 адам мерт болған. 

Сандип Кумар Джа, офицер:

Құтқарушылар тобы өз ісіне кірісіп кетті. Яас циклоны да жойқын болуы мүмкін. Сондықтан жергілікті халықты үйлерінен шықпауға шақырамыз. Егер баспанасында бола алмаса, арнайы орталыққа көшуін сұраймыз.

Сантану Сен, шенеунік:

–Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру керек. Оларға арнайы азық-түлік, дәрі-дәрмек дайындап қойдық. Балаларға да жағдай жасалынған. Барлығы Ковид хаттамасына сәйкес келеді.

КОНГОДА АТҚЫЛАҒАН ЖАНАРТАУ САЛДАРЫНАН 32 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Ал Конгода атқылаған жанартау салдарынан 32 адам қаза тапты. Қаралы хабарды осы елдің Азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы жеткізді. Ыстық лава үйлерді басып қалып, 9 тұрғын тірідей жанып кеткен. 5 кісі түтінге тұншығып, иіс тиіп көз жұмған. Тағы 14-і жол апатында мерт болды. Жоғалғандар арасында 170 бала бар. Жалпы Ньира-гонго жанартауы 22 мамырда оянған. Одан шыққан лава көшкіні 3 ауылды толық басып алды. 

Алине Бичикуебо, жергілікті тұрғын:

– Анам мен әкем құрбан болды. Өзім жетім боп қалдым. Ішім қан жылап тұр. Үйіміз де, барлық дүние-мүлкіміз де күлге айналды. Бізде түк қалмады.

Алумба Сутойе, жергілікті тұрғын:

Ыстық лаваның лебі әлі сезіліп тұр. Түтін де басыла қойған жоқ. Адамдардың есі шығып кеткен, бәрі аштан бұратылып жүр. Түнде қайда ұйықтарын білмейді. Далада өте қауіпті.

ҚЫТАЙДА ЦЯНЬТАН ӨЗЕНІ ТАСЫП ЖАТЫР

Қытайдың Цяньтан өзені биыл алғаш рет тасып жатыр. Салдарынан елдің шығысындағы Ланьси қаласының жағалауын су басты. Табиғат апатынан жергілікті билік аймақта төтенше жағдайдың 4-ші деңгейін жариялады. Мамандар судың апатты деңгейге дейін көтерілгенін айтады. Қазір аймақта алдын алу және құтқару жұмыстары басталды. 

Ли Цянь, Су тасқынымен күрес орталығының басшысы:

– Шаһардың шығысындағы барлық 57 шлюз жабық. Апаттың алдын алу үшін барлық тиісті шаралар қолға алынды. Құқарушылар жоғары дайындықта тұр. Кәріз суын тазалайтын стансаларды ашатын боламыз.

ҚАЛЫҢ ҚАР ЖАУДЫ

Ал қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы Хулун-Буир қаласында қалың қар жауған. Аймақтағы ауа температурасы минус 20 градусқа дейін түсті. Жауған қардың қалыңдығы 20 см-ге дейін жетеді. Табиғаттың тосын мінезіне жергілікті тұрғындар да билік те дән риза. Өйткені аймақтағы орман өрті өшіп, қуаңшылық пен аптап ыстық басылды.

ОРМАН ӨРТІ ӨРШІП ТҰР

Өрт демекші АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орман өрті әлі де дес бермей тұр. Жергілікті телеарналар Риверсайд округіндегі елді-мекен тұрғындарын эвакуациялау туралы бұйрық шыққанын хабарлайды. Табиғат апатынан шамамен 40 гектар орманды алқап күлге айналған. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін арнайы тікұшақтар тартылды. Мамандар аймақтағы аптап ыстық қызыл жалынның өшуіне кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Жергілікті билік орман өртімен күреске мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемін екі есеге арттыруға тура келеді дейді.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

– Калифорниядағы орман өртін өшіру жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттырамыз. Енді жоспар бойынша қуаңшылық және орман өртімен күрес үшін 2 млрд доллар бөлінеді. Мәселен жыл басынан бері аймақта 900-ден астам өрт ошағы тіркелді.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы