Тағы бірнеше әуе компаниясы Беларусь кеңістігінен бас тартты

Минскідегі оқиғадан кейін тағы бірнеше әуе тасымалдаушы Беларусь кеңістігін пайдаланудан бас тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында француздың «Эйр Франс», Австрияның «Аустриан Эйрлайнс», Финляндияның «Финэйр», Сингапурдың «Сингапур Эйрлайнс» компаниялары бар. Бұған дейін Германия, Нидераланд, Польша, Латвия мен Швеция тасымалдаушылары да Беларусь әуесімен ұшуды тоқтатқан еді. Одан бөлек Украина ертеңнен бастап Беларусьпен арадағы әуе қатынасын үзеді. Бұл шешімге қатысты ресми Минск наразылық нотасын білдірді. Ал Беларусьтың «Белавиа» компаниясы 30 қазанға дейін Лондон мен Парижге барлық сапарларын тоқтатты. Коммерсант басылымының хабарауынша, салдарынан Минск жылына 60-70 миллион доллардан қағылуы мүмкін. Бұған дейін Еурокомиссия еуропалық компанияларға Беларусь аспанымен ұшпауға кеңес берген еді.