Байден Беларуське санкция салады

АҚШ Беларуське қарсы санкция салуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Құрама Штаттар президенті Джо Байден мәлімдеді.

Бірақ ол қабылданатын санкцияларға қатысты толық ақпарат беруге әлі ерте екенін ескертті.

Сондай-ақ Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, Байден Беларусь мәселесін 16 маусымда Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуінде көтереді.

Естеріңізге сала кетейік, 23 мамырда Афиннен Вильнюске бет алған Ryanair компаниясының ұшағы шұғыл түрде Минскіге қонған еді. Оған ұшақ бортында жарылғыш зат болуы мүмкін деген хабар түрткі болған. Бірақ бұл ақпарат расталмады. Кейін осы ұшақпен Вильнюске бара жатқан Nехtа телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы, Александр Лукашенко режиміне ашық қарсы шыққан Роман Протасевич қамауға алынды. Осыған байланысты ондаған мемлекет пен халықаралық ұйым Беларусь билігін қатаң сынға алып, Батыс елдері мен Сингапурдың әуе компаниялары Беларусь кеңістігін пайдаланудан бас тартқан.