426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда вакцина салдырғандар саны жарты миллиардтан асты

  • 102
  • UPD: 11:49, 26.05.2021

Коронавирусқа қарсы екпе салдырған Қытай тұрғындарының саны 530 миллионға жуықтады. Қазір күн сайын көрші елде 20 миллионнан аса вакцина жасалып жатыр.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Коронавирусқа қарсы екпе салған халық саны жарты милилардтан асты. Билік жыл соңына дейін тұрғындардың кемі 70 процентін вакцинамен қамтуға ниетті. Қазір жұрт Қытайда жасалған төртінші екпені қабылдап жатыр. Бір компонентті препаратты әскери дәрігерлер жасап шығарған.

Шао Имин, Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі:

- Біз көп зерттеу жүргіздік. Түрлі өндірушілердің екпелерін бір-бірімен араластыруға болатынына көзіміз жетті. Бірақ тиімділігі жоғары болуы үшін бұл препараттардың әсер ету принципі бірдей болуы керек. Кейбір зерттеу нәтижелері әсер ету принципі әртүрлі вакциналарды араластыруға болатынын көрсеткен. Сонда вирусқа қарсы иммунитет ұзаққа созылады деген болжам бар. Алайда біз бұл мәселеге қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз. Оны әлі зерттеп жатырмыз.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Соңғы уақытта Қытайдың 3 провинциясында індетті жұқтырудың бірлі-жарым оқиғасы тіркелген. Вакциналау қарқыны әсіресе осындай өңірлерде күшейтіліп жатыр. Әлемнің түрлі елдерінде вирустың мутацияларына қатысты қауіп күшейіп барады. Алайда сарапшылар екпе оларға қарсы тұра алатынын айтады.

Шао Имин, Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі:

- Вирус мутацияға ұшыраса қауіпті болады. Алайда зерттеудің алдын ала қорытындысы қолда бар вакциналардың Үндістанда алғаш анықталған штамға қарсы тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Ел астанасы Бейжіңде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасты деуге болады. Өйткені мұнда 17 миллионға жуық тұрғын екпенің екі дозасын да алып қойған. Билік халықты вакциналауға белсенді қатысуға шақырып отыр. Сонда ұжымдық иммунитет ғана қалыптасып қоймайды. Жаңа мутациялардың да алдын алуға болады дейді сарапшылар. 

Автор: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы