425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Наманган қаласында гүлдер фестивалі өтіп жатыр

  • 120
  • UPD: 12:55, 26.05.2021

Наманганда мерейтойлық дәстүрлі гүлдер фестивалі басталды. Кеңес дәуірінен келе жатқан мереке биыл халықаралық мәртебеге ие болды. Жаһандық індет кезінде Өзбекстан фестивальді қалай ұйымдастырды? 

Жоқ, бұл  Жеңіс шеруі емес. Бұл Наманган қаласында жылда өтетін гүлдер фестивалі. Жылдағы дәстүр бойынша мынадай түрлі гүлдермен безендірілген әскери техника, ауыр жүк көліктері және де кеңес дәуірінен қалған мынадай ретроавтомобильдер Наманган қаласының басты көшелерімен жүріп өтеді. Айта кету керек, биылғы гүлдер фестивалі мерейтойлық, яғни алпысыншы болып есептеледі.

Гүлмен безендірілген көліктер колоннасы әуежайдан орталық саябаққа дейін жүріп өтті. Бұл шеруге 200-ден астам темір тұлпар қатысты.

Намангандағы гүлдер фестивалі 1960 жылдан бері өтіп келеді. Соңғы кездері дәстүрлі шара халықаралық деген мәртебе алған. Биылғы фестивальге Қырғыз, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінен флористер келіпті.

Ботир Нуритдинова, Наманган облысы әкімінің орынбасары:

- Бұл фестивальге 20-дан астам елден 200-ге жуық қонақ келді. Бұл қуантарлық жағдай. Наманган гүл қала деп аталады. Бізде әр отбасы гүл өсірумен айналысады. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жылда осындай фестиваль ұйымдастырамыз. 

Дәстүрлі шара былтыр жаһанды жалмаған жаман індетке байланысты өткен жоқ. Биыл да фестивальді ұйымдастыру белгісіз болған. Өйткені Өзбекстанда карантиндік шаралар күшейтіліп, жаппай мерекелер өткізуге шектеу қойылған еді. Адамдарға бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтау міндеттелген. Дегенмен, осынау үлкен шараны сағынған халық бұл шектеулерді ескермеген секілді.

БЛИЦ:

- Бүгін гүлдер фестивалі басталды. Біздің Наманганда бұл мереке кең ауқымда тойланады. Барлығымыз қуаныштымыз.

- Мереке жақсы өтіп жатыр. Пандемия болса да бұл мейрамды сағындық. Былтыр фестиваль өтпеді. Биыл ұйымдастырылғанына ризамыз.

- Көңіл-күйім көтеріңкі. Барлығы ұнап жатыр. Біз бұл мерекені тойлауға арнайы Хорезмнен келдік.

Биыл алғаш рет фестивальге арналып Наманганның орталық саябағында 10 млн, ал қала көшелеріне 20 млн жуық гүл егілді. Мерейтойлық шарада 400-ден астам флорист туындылары мен өсірген гүлдерін жұртшылыққа ұсынды. Солардың бірі Ахмаджон Акрамов. Наманган қаласының тұрғыны 10 жасынан бастап гүл өсірумен айналысады. Бұл іске оны әжесі Махмуда Акрамова үйреткен. Бүгін ол отбасымен жылыжайында күтіп өсірген гүлдерін саудаға шығарды.

Ахмаджон Акрамов, флорист:

- Негізінен фикус, хамедорея сынды үй гүлдерін өсіреміз. Бүгін мен 200-ге жуық гүлді саудаға қойдым. Ал үйімде гүлдің 800-ге жуық түрі өседі. Аумағы 20 сотық болатын екі жылыжайым бар. Бұл іспен 20 жыл айналысып келеміз. Наманганда гүл өсірмейтін отбасы жоқ шығар. 

Гүл қала саналатын Наманғандағы фестиваль мамырдың 31-не дейін жалғасады. Пандемияға қарамастан ұйымдастырушылар шараға 500 мыңға жуық қонақ келеді деп күтіп отыр. Ал фестиваль соңында ең үздік композиция ұсынған 3 флористке су жаңа көліктің кілті табысталады. 

Авторлар: Риат Шони, Санжар Шатуляганов

Хабар 24 телеарнасы