427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда дәрігерлер зеңге шалдыққандардың көзін ойып алып тастап жатыр

  • 205
  • UPD: 23:24, 26.05.2021

Үндістанда коронавирустан кейін қара және ақ зең ауруы шығып елді дүрліктірген еді.

Енді сары зең анықталды. Бұған жергілікті дәрігерлер де аң таң. Өйткені бұл дерт адам ағзасында алғаш кездесіп отыр. Мамандар ауру иммунитеті әлсіз немесе қант диабеті бар адамдар үшін аса қауіпті дейді. 

Үнді жерінде коронавирус аздай, енді қара зең жайылып барады. 9 мыңнан астам адам дерт жұқтырған. Науқастардың басым бөлігі – таяуда ковидтан айыққандар. Аурудың белең алуына байланысты көптеген штатта төтенше жағдай жарияланды. Науқастарды емдейтін дәрі жоқ. Ауруханаларда орын тапшы.

Лув Агарвал, денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Адам өміріне қауіпті індетпен күресіп келеміз. Дерттен арылу үшін арнайы препараттың жетіспеушілігі жағдайды ушықтырып барады. Қазір дәрі-дәрмекті жеткілікті көлемде шығарып, оны өңірлерге жеткізу мәселелері қолға алынды. Фармацевтика департаменті мен денсаулық сақтау министрлігі дәрі өндіретін 5 компаниямен келіссөз жүргізуде.

Елде қазіргі өлім көрсеткіші 50 проценттен жоғары. Бүгінге дейін қара зеңнен 200-ден астам адам көз жұмды. Дерт адам денесінің кез келген мүшесіне шабуы мүмкін. Көбінесе ол көз бен мұрынды зақымдайды. Дәрігерлер ауруы асқынған кей науқастардың көзін ойып алып тастап жатыр. Мәселен, беттің жұмсақ тіңдері зақымдалса, індет адамның миына жылдам жетуі мүмкін. Ғалымдар түрлі зең түрлері аурудың қоздырғышы болып келетінін айтады. Олар әсіресе топырақта, өсімдікте, шіріген жеміс-жидекте кездеседі.

Мукеш, науқастың баласы:

– Сух Сагар емханасына апарған едім. Қабылдамады. Көмек бере алмаймыз деді. Қаза зең ауруын емдей алмайды екен. Басқа ауруханаға жіберді.

Удджвал Парах, дәрігер:

– Бұл инфекция зең ауруына қарсы препараттар қабылдауды талап етеді. Індет дер кезінде анықталып емделмесе хирургиялық әдіске жүгінеміз. Оның қауіптілігі сонша, ауырған адам біртін-біртін ішінен үгіліп, ештеңесі қалмай жанып кетеді. Қазір дертті емдейтін тиімді препараттар жеткіліксіз.

Үндістанда бұған дейін қара немесе ақ зең ауруы шықса, енді сары зең пайда болды. Уттар-Прадеш штатындағы тұрғыннан бірден қара, ақ және сары зең анықталған. Екі ай бойы коронавирус жұқтырып ем дом қабылдаған науқастың иммунитеті әлсіреп қалған дейді ақ халаттылар. Негізінде сары зең адам ағзасында алғаш рет кездесіп отыр. Бұған дейін ол тек бауырымен жорғалаушылар арасында ғана тараған екен. Оның өзгесінен айырмашылығы адам ағзасында көзді ашып жұмғанша некроз пайда болуы мүмкін.

 

Хабар 24 телеарнасы