Минск әуежайында аласапыран басталды

Минск әуежайында жүздеген жолаушы ұша алмай, жіпсіз байланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында жазғы еңбек демалысын шетелде өткізуді бұрыннан жоспарлаған азаматтар көп. Осының алдында ЕуроОдақ Барселонаға баруы тиіс болған чартерді қабылдаудан бас тартты. Ұшақ кәрі құрлық аспанына өте алмай бірнеше сағат бойы ұшып жүрген. Диспетчерлер қанша өтінсе де, Францияның ұсынысы бойынша Польша әуе кеңістігін ашпай қойды. Бұған дейін Ұлыбритания, Швеция, Польша, Нидерланд, Германия, Австрия, Сигнапур және басқа да елдер Беларусь әуе компаниясының рейстерін қабылдамай, әуе байланысын үзді. Халықаралық қауымдастықтың ресми Минскіге қарсы шығуына Афинадан-Вильнюске бара жатқан ұшақты күштеп жерге қондыруы себеп. Лукашенконың жеке нұсқауы бойынша, әуеге жойғыш ұшақ та көтерілген. Ресми мәліметке сәйкес, «Боингте» бомба болған, бірақ кейін ол ақпарат расталмады. Алайда Беларусь барлау қызметі сол рейсте болған Лукашенконың саясатын ашық сынап жүрген белгілі журналист, ірі телеграм-каналдардың редакторы Роман Протасевичті қамауға алды.

Игорь Чергинец, «Белавиа» әуе компаниясының бас директоры:

– Біздің экипаж бен диспетчерлер француз диспетчерлерімен байланысқа шығып: «Қандай себеп бар? Бізде бәрі дұрыс. 13:30-да ұшып шықтық қой» деді. Олар «Бізге Франция жоғары басшылығынан «Белавиа»-ны Францияның әуе кеңістігіне жібермеңіздер деген телефон қоңырауы түсті» деп жауап берді.

Жолаушы:

– Анау айтқандай қорқынышты болған жоқ. Бәрі тып-тыныш, жолаушылар да өзін жақсы ұстады. Анығын айту керек, қызметкерлер де өте сыпайы. 150 рет кешірім сұрап, бізге жақсы қарады. Енді бізді Варшаваға жібере ме екен, қазақ төлқұжатымен құрлық шекарасынан өте аламыз ба деп күтіп отырмыз. Варшавадан Барселонаға жетер едік.

Сондай-ақ...