Украинада қазақ диаспорасының құрылтайы өтті

Украинада алғаш рет қазақ диаспорасының құрылтайы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жырақта жүрген жүзден астам қазақ Киевте бас қосып, отандастарға үндеу жариялады. Украинадағы ең үлкен диаспоралардың бірі болып есептелетін қазақтар қандай мәселе көтерді және олардың осы елдегі саны қанша? 

Макка Қаражанова – Украинадағы белсенді қазақ диаспорасының өкілі. 2006 жылдан бастап Харьков қаласындағы қазақтардың «Бірлік» деп аталатын қоғамдық ұйымын басқарады. 84 жылдан бері осы елде өмір сүруде, алайда қазақтың тарихы, мәдениеті мен салт дәстүрінің дәріптелуіне күнделікті бір кісідей ат салысады. Киевте алғаш рет ұйымдастырылған қазақ диаспорасының құрылтайы жәй бас қосу емес, өткен күнге есеп беріп, бағыт-бағдарды айқындауға тамаша мүмкіндік, дейді Макка тәте.

Макка Қаражанова, Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақ қоғамдық ұйымының төрайымы:

– Әртүрлі кішігірім топ мен ұйымдар жабылып, оның орнына Украинадағы қазақтардың басын қосатын үлкен ұйым пайда болады деп үміттенемін. Одесса, Харьков, Киев, Днепропетровск дейсіз бе, осы елде тұрып жатқан талантты отандастырымыз өте көп. Бір бірімізбен ақпарат алмасып, араласып тұрғанымыздың маңызы зор.

Қазақ диаспорасының құрылтайына жүзден астам қандастар қатысты. Бірі музыка саласында жетістікке жетсе, енді бірінің бизнесі алға өрлеуде. Дирижер, дәрігер, қаржы саласы, Украинадағы қазақтарды қоғам құрметтейді. 2001 жылы жүргізілген санақ бойынша Украинада 5 мың алты жүз қазақ болған, алайда Украина мемлекеттік статистика қызметі қазіргі күні Украинада 60 мыңға жуық қазақтың бар екенін айтады.

Батыр Ниязбеков, «Достық» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

– Бүгін осы құрылтай барысында үндеу жарияланды. Мұндағы басты мақсат осы жақтағы қазақтардың басын бір ту астында біріктіріп, алдағы бағыт бағдарды айқындау. Қандай жұмыстар атқарамыз, яғни осында Украина жерінде тұрып жатқан қазақтардың алдағы жоспары қандай. Олар қандай салада жұмыс жасайды, қандай бағытта өсіп, өніп өркендеуде. Ондағы мақсат – бірігу.

Яғни шетте жүрген тарыдай шашылған қазақтың басын қосып, сол арқылы Укрнаинадағы қазақтар елімізге туған жерге қандай қолғабыс тигізе алады. Міне, осының бәрі үндеуде жарияланған.

Гүлнәз Раш, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі:

Көңіл күйіміз өте керемет. Біз бүгін қуаныштымыз. Алғашқы құрылтай Украинада. Украинадағы барлық қалаларда тұрып жатқан қазақтар бүгін келіп жатыр. Тойлап жатырмыз, өте керемет. Би билеп, қазақша ән айтып. Біз өте қуаныштымыз, бұл мереке деп айтамыз.

Қазақтың күмбір күйі, әсем биі, қоңыр үні қазақ диаспорасының құрылтайында тағы бір мәрте қалықтады. Құрылтай аясында бүлдіршіндердің ана тілінде айтқан өлеңдері экраннан көрсетілді, фото көрме ұйымдастырылды. Домбыра, күйіз үй, сырмақ пен торсық таныстырылды, қазақ әдебиеті мен мәдениетін сыр шертетін еңбектер көпшілік назарына ұсынылды. Украинадағы Қазақстанның елшілігі құрылтайды дәстүрлі өткізуді жоспарлайды.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петро Борейко